Науқастарға тегін берілетін дәрiлер туралы электронды анықтамалық жасалды

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Науқастарға тегін босатылатын дәрі-дәрмектер туралы мәлiметтер анықтамалығы электронды нұсқада қолжетімді болды.

Бұл туралы бүгін «Республикалық денсаулық сақтау жүйесін дамыту орталығы» РМК-нің дәрілік ақпараттық орталығының жетекшісі Айсұлу Ахимова мәлім етті.

«Электронды анықтама біздің сайтымызда орналастырылды. Әрбір азамат интернет арқылы сайтқа кіріп, дәрілер туралы мәліметтерді еркін режімде оқи алады. Сонымен қатар қазіргі уақытта сайтта «кері байланыс» функциясы жасалуда. Ол арқылы интернет пайдаланушылар аталмыш тақырып бойынша өздерінің нақты сауалдарын қоя алатын болады», - дейді А. Ахимова.

Оның атап өткеніндей, анықтаманың басылым түріндегі нұсқасы да жарыққа шықты. Бүгінгі таңда оның 6 мың данасы басып шығарылды. Олар барлық өңірлерге таратылып, емханаларға және алғашқы буындағы дәрігерлерге беріледі.   

Оның айтуынша, бірер жылдар бұрын халықты және дәрігерлерді қажет дәрілік затты қайдан алуға болатындығы қызықтыратын болса, қазір оларды дәрілердің сапасы мен дертке қарсы әсерінің тиімділігі көп қызықтарады.

«Сол себепті орталық аталмыш анықтаманы жасақтау барысында тегін жіберілетін дәрілер туралы толық ақпаратты қамтуға тырысты», - дейді А. Ахимова.