Науқастың ауруханаларда АИТВ жұқтырып алмауына кім кепіл

АСТАНА. ҚазАқпарат – Денсаулық сактау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ел ауруханаларындағы инфекциялық қауіпсіздіктің сақталуына қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық ұйымдардағы инфекциялық қауіпсіздік халық арасында күмән тудырмауы тиіс. Бұл жағдайда жүйелік бұзылулар болған жоқ, пациенттердің инфекцияны жұқтыру фактісі тек адами фактормен байланысты. Медициналық ұйымдарда заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес болуы бойынша ішкі өндірістік бақылау жүргізіледі. Бұдан басқа, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті медициналық ұйымдарда санитариялық нормалар мен ережелердің сақталуына жоспарлы бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ, кейіннен аттестаттаумен инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша медициналық персоналды оқыту тұрақты негізде жүргізіледі», - делінген ҚазАқпаарт тілшісінің сауалына жолданған комитет жауабында.

Сонымен қатар, құзырлы орган Алматы ауруханасында АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқтырғандардың денсаулық жағдайы туралы ақпарат ұсынды.

Еске салайық, осы жылдың маусым айында Алматы орталық клиникалық ауруханасында жатқан үш науқастан АИТВ анықталған болатын.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі АИТВ жұқтырған үш науқаспен байланыста болған 593 адам тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

Артынша осы оқиғаға байланысты арнайы құрылған комиссия науқастарға кімнің кінәсінен АИТВ жұққанын жариялады. Тиісінше, бірнеше медицина қызметкері қызметінен кетті.