«Наурыз» бағдарламасы: ірі қалаларда екінші нарықтан үй алуға рұқсат беріле ме

АСТАНА. KAZINFORM — «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында екінші нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік беру әзірше қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы ОКҚ қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Қазір бағдарлама аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек бірінші нарықтағы, яғни жаңа тұрғын үйлерді сатып алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылды елді мекендерде бірінші және екінші нарықтағы баспананы сатып алуға мүмкіндік бар.

Брифинг барысында журналистер азаматтар арасында «Наурыз» бағдарламасымен екінші нарықтағы дайын баспананы сатып алуға мүмкіндік беру жөнінде ұсыныстар бар екенін айтып, мұндай өзгеріс енгізу жоспарда бар-жоғын сұрады.

Бақытжан Жүнісбеков әзірше мұндай өзгеріс қарастырылып жатпағанын айтты.

Айта кетейік, «Наурыз» бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал топтарға 7 пайызбен, ал басқа азаматтарға 9 пайызбен ипотека беріледі. Бағдарлама аясында жыл сайын 12 мың қарыз беріледі. Биылғы сегіз айда 11,9 мың қарыз беріліп, оның жалпы сомасы 350 миллиард теңгені құрады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека берілетіні жөнінде жаздық. Биыл осы бағытта 12,6 мың қарыз беру жоспарланған. Оған 175,1 миллиард теңге қарастырылған.