Наурыз көжеге арналған ингредиенттер қанша тұрады

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Наурыз көже — жаңару мен көктемнің оянуын бейнелейтін дәстүрлі мерекелік тағам. Оны дайындау тәсілдері әртүрлі. Ұлттық статистика бюросы Наурыз көжеге қосылатын негізгі өнімдердің бағасын ұсынған екен.

— 1 литр айранның орташа бағасы (2,5%) 446 теңге. Бұл тағамда қолданылатын тағы бір маңызды өнім — сүт (2,5%), оның бағасы литріне орташа есеппен 413 теңге. Арпа жармасының бір келісі орташа есеппен 399 теңге тұрады, еліміз бойынша оның ең төменгі бағасы Көкшетау (283 теңге) қаласында тіркелген. Күрішке келетін болсақ, оның орташа бағасы келісіне 639 теңге, күріштің арзаны Шымкентте екен бағасы — 535 теңге. Тағы бір маңызды ингредиенттің бірі — жылқы еті, оның бір келісі шамамен 3098 теңге. Қазақстан бойынша тұздың орташа бағасы 76 теңге/кг, — делінген Ұлттық статистика бюросы таратқан хабарламада.

Сондай-ақ тағамға құрт қосылады, ал аймаққа қарай тағы маш, өрік немесе кеспе қосылуы мүмкін.

Айта кетелік биыл еліміздің түкпір-түкпірінде Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып, жүздеген мәдени іс-шара өтетіні туралы жазған едік