Наурыз мейрамында теракт жасамақ болған 30-дан астам тәжікстандық сотталды

Фото: Фото: Norma.uz

ДУШАНБЕ. KAZINFORM – Былтыр Наурыз мерекесінде халықты жаппай уламақ болған тәжікстандықтарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Тәжікстан Бас прокуратурасының Терроризм және экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Джуманазар Саидахмадзоданың айтуынша, кінәлілер 8 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. 

Аталған іс бойынша тағы 10 адам іздеуде. 

— Сотталғандардың барлығы дерлік Тәжікстанның түрлі қаласы мен аудандарының тұрғындары. Олар Вахдат қаласында Наурыз мейрамын тойлау кезінде тамақты улап, террористік акт ұйымдастыруды жоспарлаған, - деді Джуманазар Саидахмадзода.

Айта кетейік, осы іс бойынша былтыр Тәжікстанда 20-дан астам адам ұсталған болатын. Бас прокуратураның мәліметінше, лаңкестік әрекет ұйымдастыруды жоспарлғандардың барлығы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған — авт.) мүшелері болып шықты. 

Қоса кетсек, былтыр Тәжікстанда жемқор шенеуліктер мемлекетке 40 млн долларға жуық шығын келтірді.