Иә, биыл Наурыз ерекше тойланып жатыр. Жаңа формат – бұл түбегейлі парадигманың ауысуы емес, оның бастапқы мақсатына негізделген ежелгі мерекенің жаңғыруы деуге болады. Табиғи процесс – адамдарға бірлік сезімін, жағымды эмоцияларды, әлеуметтік игіліктерді және өз өмірін қайта бастау мүмкіндігін беру. Сол жаңа форматтағы Наурызнаманың соңғы күні – 23 наурыз Тазару күні болып бекітілген. Ол тегіннен тегін емес. Себебі қазақ халқы қашан да тазалыққа, адалдыққа аса мән берген. Бізге бар нығметін берген Жер анаға құрмет көрсетуге міндеттіміз. Ол үшін халық арасында қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық науқандар мен іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор. Яғни, неше түрлі акция, жарыс, ойын, сабақ, тренинг және басқа шараларды өткізу. Сондықтан Наурызнаманың соңғы күні Тазару болуы бекер емес, – деді сарапшы.
Экологтің айтуынша, Тазару күніне орай ұйымдастырылатын шаралар көп. Солардың бірі – 23 наурызда болатын «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы.
Ол сол күні жергілікті уақытпен сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін өтеді. Бұл биыл елдегі экотуризмді дамыту тақырыбымен ұйымдастырылып жатыр. Жалпы «Жер сағаты» акциясы – жыл сайынғы халықаралық шара, Халықаралық жабайы табиғат қорының (WWF) қолдауымен іске асырылады. Қор жарықты және тұрмыстық техникаларды бір сағатқа сөндіріп, планетамызға бей-жай қарамайтынымызды көрсетуге шақырады. Бұл уақытта дүние жүзіндегі танымал ғимараттар мен ескерткіштердің жарығы да сөнеді. «Жер сағаты» әлемдегі ең үлкен, көп адам қатысатын экологиялық акция екенін атап өту керек, – дейді Илья Сухоносенко.
Оған дүние жүзінен 2 млрд-тан аса адам, 180 елдегі 7 мың қаланың тұрғындары қатысады. 2024 жылы «Жер сағаты» халықаралық акциясы 17-рет, ал Қазақстанда 15-рет өтеді. Акцияның мақсаты – табиғатқа және ғаламшардың ресурстарына жауапкершілікпен қараудың қажеттілігін түсіндіру, соған назар аударту. Сондай-ақ, аумақты тазарту, ағаш отырғызу, табиғи нысандарды абаттандыруға атсалысу және басқа бірлескен шаралар ұйымдастыру. Бұл тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға белсенді түрде тартуға көмектеседі. Соның жарқын мысалы – жыл сайын өтетін «Дүниежүзілік тазалық күні» (World Cleanup Day). Шара Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен өтеді. Ұйымдастырушылар – Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, «Жасыл» және G-Global даму коалициясы, «Біз таза ел үшін» экологиялық қозғалысы, «Zhasyl Qalqan» ұйымы. Сарапшының айтуынша, бұл акцияның мақсаты – аумақтарды қоқыстан тазарту үшін шаралар кешенін ұйымдастыруға тұрғындарды жұмылдыру.
5 жыл бойы бұл акцияға қатысатын белсенді азаматтық ұстанымы бар тұрғындардың саны артып келеді, соңғы 3 жылда еліміз қатысушылар саны бойынша әлемнің ТОП 10 елінің қатарына енді, – дейді эколог.
Сарапшы жалпы қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды үнемдеудегі мақсаттарға жету үшін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың арасында ынтымақтастық керек дейді. Олай болмаса, көздеген мақсатқа жету мүмкін емес.
Сондықтан бірлескен шаралар мен тәжірибе алмасу үшін билік органдары, қоғамдық ұйымдар, табиғатты қорғау және ғылыми мекемелермен серіктестік орнату өте маңызды. Мұндай шаралар қоғамның назарын маңызды экологиялық проблемаларға аударуға ғана емес, сонымен қатар оларды шешу үшін ынталандыруға көмектеседі. Сөйтіп ол қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жағдайын жақсартуға ықпал етеді, – деді ол.
Айта кетейік, Наурызманың оныншы күні ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтардың қолдау білдіруі. Бұл күн азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді.
Наурыз мерекесі ертеден табиғат тазалығы мен адамның ішкі жан-дүниесінің тазалығын сақтап, үйлесімде болуын үндейді. Мерекенің мәні – қыстан көктемге көшу, табиғаттың (демек, адамдардың да) жаңа өмір бастауы осының нышаны. Бұл кезең символдық мағыналарға толы, оның басты үрдісі – тазару арқылы жаңару.
Тазару рәсімі – үй-жайды, аулаларды тазалап, бұлақтар мен арықтарды аршу, табиғатты қорғау әрі өткеннің сарқыншағынан құтылуды білдіреді. Бұл – табиғатпен үндес болу қажеттігі мен адамның айналасындағы әлемнің бір бөлшегі екенін еске салатын күн. Бақ-береке тазалық пен шынайылық орнаған жерге қонады. Ұлттық мерекеге экологиялық науқандарды енгізу – Мемлекет басшысы көтерген проблемалар (су ресурстарының тапшылығы және т.б.) аясында қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғаудың маңыздылығын айшықтау.
Айналаны тазарту артық нәрселерден арылуға, кеңістікті мүмкіндігінше пайдалы етіп қайта құруға мүмкіндік береді. Оның мәні өте терең: «Тазару» – ұлттың жаңа жылды жаңа үміт, тың серпін, нық сеніммен бастауының басты нышаны.
Бұл «жасыл күн» табиғат пен адамның қарым-қатынасында көпір болып, дені сау ұрпақ өсіруге, елдің гүлденуіне негіз болады.
Мұндай ауқымды экологиялық бастамалар Наурызнама онкүндігін қорытындылау ғана емес, сонымен қатар таза қоршаған ортада жаңа жылды жақсылықпен қарсы алуға негіз болады.