Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, өткен айда баға азық-түлік және азық-түлік емес тауарларына 0,2 пайызға өсті. Ақылы қызметтердің баға индексі 100 пайызды құрады.
Бұдан бөлек, өткен айда баға өсімі арпа жармаға 2,3 пайыз, ұнтаққа - 2,1, макарон өнімдеріне, жұмыртқаға - 0,6, балық және теңіз өнімдеріне, жемістер және көкөністерге - 0,5, күріш, қышқыл сүт өнімдеріне, пастерленген сүтке, шайға - 0,4, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдеріне 0,3 пайыз өскендігі белгіленді. Керісінше, бағаның төмендеуі қарақұмық жармаға - 1, күнбағыс майына 0,2 пайыз болған.
Сонымен қатар, бағалар тұрмыстық тоқыма бұйымдарға - 0,4, фармацевтикалық өнімдерге, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,3, киім және аяқ киімге, жеке күтімге арналған тауарларға - 0,2 пайызға өсіп, дизельдік отын 6,3 пайызға қымбаттаған.
Баға деңгейі денсаулық сақтау қызметтеріне 2,3, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтеріне - 1,1, мектепке дейінгі білім беру қызметтеріне 0,4 пайызға жоғарыласа, алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылардың темір жол көлік қызметтеріне - 1,2, телефон мен факсимильдік байланыс қызметтеріне - 7,8 пайызға төмендеген. Тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер қоқыс шығаруға - 7,6, кәрізге - 7,2, суық суға - 5,7, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 1,6 пайызға өсіп, ыстық суға, орталық жылытуға 0,3 пайыз төмендеді.