Наурыз айында тұрғын үй нарығында бағалар біршама өзгерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы наурызда өткен аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары 0,8 пайызға, абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі - 0,2 пайызға өсті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Есепті кезеңде абаттандырылмаған тұрғын үйлерді алып сату бағалары - 0,7 пайызға, абаттандырылған тұрғын үйлерді сату бағасы 0,5 пайызға төмендеген.

Атап айтқанда, наурыз айында жаңа тұрғын үйлерді сатудың орташа бағасы шаршы метріне 225 мың 441 теңгені құрады. Ал абаттандырылған тұрғын үйлерді сату 174 184 теңге, одан төменгі санаттағы үйлер бағасы 101 086 теңгені құраған.

«Бұдан бөлек, Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылғы бірінші тоқсанда өндірістік жайларды жалға беру бағасы 1,2 пайызға, әкімшілік кеңсеге арналған нысандарды жалға беру бағасы 1,1%-ға өскен. Банк филиалдарына арналған орын-жайларды жалға беру бағасы 3,1%, фитнес клубтар мен жаттығу залдарын - 2,5%, өнеркәсіптік базаларды - 1,7%, паркингтерді - 1,3% көтерілді. Ал көлік жуу жайларын жалға беру 0,6%, дүңгіршектерді - 0,1%-ға арзандады», - делінген баспасөз баянында.