Наурыз – береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің мерекесі –М. Шаханов
Кеңес одағы билік құрған кезеңде 62 жыл бойы ұмыт болған, бүгінде жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күнінің қайта жаңғыруы туралы танымал ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
-Мұхтар аға, Кеңес одағының солақай саясатының кесірінен бір кездері ұмытыла бастаған Наурыз мейрамын қайта жаңғырту идеясы қайдан туды? Сол жайында айтып берсеңіз.
-Наурыз - қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан мейрам. Кеңес өкіметі «кертартпа рәсімдер» деп үзілді-кесілді тиым салғанымен де қазақ ұлты біртегіс қоныстанған ауылдарда, қыстақтарда, дәстүр-салтқа ден қойған жанұяларда бұл мереке аталып отырды. Мәселен, менің жастық шағым өткен қазіргі Оңтүстік Қазақстан обылысындағы Сайрам ауданы «Жұлдыз» колхозын айтуыма болады. Бұл күні ауыл Наурыз мейрамына ерекше дайындалатын. Аналарымыз бен жеңгелеріміз таң қылаң бере оянып, бауырсақ пісіріп, «наурыз көже» дайындайтын. Ауылдың үлкен-кіші азаматтары бас қосып, кетпен-күректерін алып, жол жиегіндегі арықтарды тазалайтын, ағаш отырғызатын. Ең бастысы, бұл күні бұрын ренжісіп жүрген жандар болса, бір-біріне өкпесін кешіріп, қол алысып, құшақтасып, мәмілеге келетін. Наурыз мерекесінің ерекшелігі де осында жатса керек. Сол тұста ел арасында былай жырланатын: «Ұлыс күні кәрі -жас құшақтасып көріскен, Жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өбіскен, Шалдар бата беріскен, Құдіреті күшті құдайым, айнытпа деп жөн істен». Менің нағашым: «Наурыз -мейірім айнасы. Әр адам Наурыз күні ерекше кешірімді болуы керек», -деп айтатын.
62 жыл ішінде ұрпақ жаңаланып, көнекөз қарттар азайып, кеңестік патриоттық психология алға шыққан уақытта бұл мереке мүлде ескерілмейтін болды. Жас ұрпақ ерте көктемде осындай шуақты мейрам бар екендігінен бейхабар бола бастады. Сондықтан тоқсаннышы жылдардың соңында ұмыт болуға айналған қазақтың дәстүрлі мерекесі - ұлыс күнін жаңғырту керек деген ойға келдік. Ары ойланып, бері ойланып, Наурыз мейрамын атап өтуді республика басшылығының алдына қойғанды жөн деп таптым. Ол 1988 жылы болатын, «желтоқсан үрейінің» сейіле қоймаған кезі еді. Мен сол жылдың ақпан айында "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетіне сұхбат бердім, сұхбат "Тамырыңды терең жібер" деген тақырыппен жарияланды. Газеттің бас редакторы белгілі журналист, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан болған еді. Ол сұхбатта Наурыз мерекесінің дінге ешқандай қатысы жоқтығы туралы, жаңару, жаңғыру мейрамы болып табылатын Наурызды Қазақстанға қайта әкелу жайы айтылды. Наурыз мерекесін қайта тірілтейік деген ой айттым, мейрамның ұлтқа, жалпы мемлекетке тигізер пайдасын жан-жақты әңгімеледім. Наурыз мерекесін саясатқа, сол кезде Колбин ұстанып отырған "ұлт пен ұлтты жақындастыру мүддесіне" қарай бұрмаса идеямның жүзеге аспайтындығына әбден көзім жеткендіктен, сұхбатты республиканы көгалдандыру идеясымен ұштастырып, "Республика жастарына, жастарға ғана емес, аға буын өкілдеріне, ауыл ақсақалдарына, жергілікті партия, кеңес, шаруашылық басшыларына мынадай: «жыл сайын март айында Наурыз мейрамын өткізіп отырайық, сол күні бәріміз өзіміз тұратын елді мекендерде, қалаларда, ауылдарда ағаш отырғызайық, сол күні әрбір адам көктемгі көңіл-күймен жаңару, жақсару лебін сезінсе» деген ұсыныс жасадым. Әрине, ол ұсыныстың астарында Наурызбен бірге салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды оралту мақсаты жатты. Бірақ қайта құру кезінде ұсыныс - пікірді кім айтпады. Сондықтан, қайткенде де сол кездегі республикамыздың басшысы Колбиннің өзіне кіріп, осы идеяны көзбе-көз түсіндірейін деген шешім қабылдадым. Әңгіме тек сөз жүзінде өтпес үшін, алдын-ала орыс тілінде хат әзірледім. Осы тұста айта кетерлігі, сол хатты қаншама жылдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан осы мекеменің директоры Л.Дегитева тауып, баспасөзде жариялаған болатын. Содан, ақпан айының соңында Колбиннің қабылдауында болдым, ол:«оңды ұсыныс екен, ойланайық, Бюро мүшелерімен ақылдасайық», - деді. Г.Колбиннің қабылдауынан шыққасын Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н. Назарбаевқа жолығып, Колбинге Наурызды "тірілту" туралы арнайы хат тастағанымды айттым. Н.Назарбаев: «Өте дұрыс жасағансың. Басқа жазушылар да, өнер қайраткерлері қосылып, бірлесіп жұмыс істеп, қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. Наурызға қаржы бөлу мәселесі Министрлер Кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме! Батыл кірісе бер!»,- деп қолдайтындығын білдірді. Сол кезде бұл идеяға Бюро мүшелерінің барлығы қарсы шықты, бастаманы тек екі адам - сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қана қолдаған болатын. Бюро мүшелері «Наурызды ислам дінінің қалдығы» деп тарихты білмей айтқандықтан, Колбин «Наурыз мерекесін тірілтуге мүмкіндік жоқ» деді. Соған қарамастан, алға қойған мақсатымнан таймай, Абайдың "Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы" еңбегін тауып алып, Колбинге тағы барып, Наурыз мерекесі ислам дінінен бұрын өмірге келгендігін, одан бұрын тойланғандығын дәлелдедім. «Наурыз салтында бұрын өзара ренжісіп жүрген адамдар мереке кезінде міндетті түрде төс қағыстыра құшақтасып, бір-біріне өкпесін кешіруі шарт» дегенімде Колбин ойланып қалды. Содан кейін ол: «Тамаша дәстүр екен, бұл жерін маған неге ешкім айтпаған, жарайды онда өткізейік, бірақ биыл кеш болып қалды, келесі жылдан бастайық»,-деді. Мен: «Кеш емес, үлгереміз, бұл маңызды істі келер жылға қалдыруға болмайды», - дедім. Ұмытпасам ол кез наурыздың 12-сі болатын.
-Біздің біліуімізше, Сіз сол кезде Наурыз мерекесін 22 наурызда емес, 22 сәуірде атап өтуді ұсыныссыз. Неге дәл ол датаға тоқталдыңыз?
-Ол кезде күн әлі суық болатын, қар жатқан еді. Екіншіден, шынымен де Наурызға он-ақ күн қалған болатын. Үшіншіден, ойымда тек қалай да Наурыз мерекесін оралту, жаңғырту, өткізу мақсаты болды. Ол кезде республикалық мереке түгілі кішігірім үйлену тойын өткізу қиын болатын. Сондықтан қалай да биылдан қалдырмауымыз керек деген тоқтамға келдік. Алдын ала, ешкімге айтпай, Нұрсұлтан Назарбаевпен Наурызды атап өтуге қажетті қаржы мәселесін де, сол кездегі Мәдениет бөлімінің басшысы Камал Смаиловпен қай жерде өткізу мәселесін де шешіп қойған едік.
-Алғашқы Наурыз мерекесі қалай өтті, бірден республика деңгейінде аталып өтілді ме?
-Бұл бір қызық жағдай болды. Біз сол жылы Наурыз мерекесін үш-ақ жерде - Алматы қаласында, Алматы облысының Жамбыл ауданында және өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында өткізелік, келесі жылдан бастап республика бойынша тойлай жатармыз деген шешімге келдік. Ол ұсынысымыз далада қалды. Қалың ел баба салтын қатты сағынып қалғаны соншалық, Наурыз мейрамы республикамыздың бірнеше облыстарында, аудандарында, колхоз-совхоздарында, зауыт-фабрикаларда, жоғары оқу орындары мен мектептерде де атап өтілді. Тіпті Олжас Сүлейменов екеуміз тамыз айында сырқаттанып Министрлер Кеңесінің ауруханасында жатқанымызда ақ халаттылар, орыс-қазағы түгел жиналып, өз мекемелерінде Наурыз мейрамын өткізіп, бізді қонаққа шақырған болатын. Сол жылы Наурыз мейрамын атап өту қыркүйек айына дейін толастаған жоқ. Тұңғыш Наурыз осылайша ойламаған жерден республика деңгейінде атап өтілді.
-Наурыз мерекесін атап өту үшін неге жоғарыда айтып өткен үш жерді таңдап алдыңыздар?
-Наурыз тұңғыш рет аталып өтілетін болғандықтан мерекені қай жерден және қалай бастау керектігіне үлкен мән берілді. Өйткені, алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арбаның сонда жүретіні белгілі ғой. Наурыз алдымен республикамызда терең ұлттық сипат алуы үшін қазақ халқы бірыңғай қоныстанған Шымкент, Қызылорда өлкелерінде өткізсек дұрыс болар еді деген едік. Шымкент басшысы демалыста, Қызылорда басшысы құлшыныс танытпағандықтан жоғарыда айтылған жерлерде өткіздік. Бірақ ұлттық дәстүр айшықты сақталған сол өлкелердегі тарих-сана, тарих-көз - қарияларға сүйене отырып өткіздік. Алғашқы мейрамды көне салт-дәстүрі арнасына бұруда Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханованың еңбегі ерекше еді. Наурыз күнгі Республика сарайының алдында сап түзеген «Шеберлер ауылы», сол жерде адамдардың бір-бірімен төс қағыстырып, амандасуы, «Наурыз тілек», «Наурыз бата» рәсімдері, Алматы көшелерімен сап түзеген қазақ ертегілеріндегі "Батырлар шеруі", "Алдар көсе", "Тазша баладан" үзінділердің қойылуы, М.Горький паркінде Наурызбай, Наурызгүл есімді адамдарды жинау, "Алтыбақан", "Тең көтеру", "Жаяу жарыс", «Арқан тартыс», «Бағанаға өрмелеу» және тағы да басқа сол жылдары ұмтылуға айналған рәсімдерді жандандыру түгелдей осы қыздың қарекеті болды. Басынан бақайшағына дейін ұлттық рухпен тыныстаған қазақтың жайсаң қызы бір өркешті, екі өркешіті түйелерді тауып алып келіп бізді таң қалдырды. Бұл орайда, сонымен қатар, Наурызды Алматы қаласына ендіруде еңбек сіңірген, бұл мерекенің жаңаша тұжырымын жасаған ғалым Тоқтасын Өмірзақовтың, талантты режиссер Қадыр Жетпісбаевтің, қала көшелерін ұлттық рухпен безендіруде Төлеубек Мұқашевтің, суретші Бек Ибраевтің шығармашылық, азаматтық үлкен мінез көрсеткендігін атап өткім келеді. Сондай-ақ Рахманқұл Бердібаев, Жағда Бабалықов, Мекемтас Мырзахметов, Мардан Байділдаев сияқты ғалымдардың да пайдасы көп тиді. Наурыз мерекесін қайта жаңғырту мақсатында еліміздің бірнеше қоғам қайраткерлері де атсалысты.
-Алғашқы Наурыз мерекесіне халық көп жиналды ма? Ел қалай қабылдады? Көре алмағандар болды ма?
-Халық өте көп жиналды. Мерекені Жібек Әмірханова ашып, алғашқы сөзді маған берді. Мен қазақ рухындағы дара мерекенің мән-мағынасына тоқтала келе, «Наурызға ода» атты өлеңімді оқыдым. «Бірде бие, бірде түйе» болып отыратын Колбин мерекеге бара алмаймын деді. Бірақ ол, мерекенің ортасында халық қалай қабылдап жатқанын өз көзімін көру үшін, келіп кетті. Алғашқы тойға қазақтың қайта тумас перзенттері Т. Рысқұлов пен Т. Жүргеновтің замана қасіретін арқалаған жұбайлары Әзиза, Дәмеш апайлар қатысып, сөз сөйледі. Олардың қатысуы көпшілікке көне тарихпен бүгіннің қайта жалғануындай әсер берді. Желтоқсан оқиғасынан кейін әбден запы болып, басылып, шаттығын топ құрып атап өтуге сескеніп қалған елдің бұл алғашқы серпілісі болды. Паркте түске қарай, халықтың саны шамамен жүз мыңға жетті ғой деймін. Елдің қуанышында шек болмады.
Ал Алматы облысының Жамбыл ауданындағы той тіпті өзгеше болды. Олар Наурызға біз күтпеген қырынан дайындалыпты. Сонда тұратын әр ұлт өкілдері өздерінің мәдени көрмесін ұйымдастырып, шаруашылықта еңбек ететін 28 ұлт өкілдері алуан нақыш өрнекті ұлттық киімдерін киіп, ойын-сауық ұйымдастырғанда нақ бір халықтар достығының көрмесін тамашалағандай әсер қалдырды. Ол тойда да ұлттық әндер айтылып, мереке балуан күресі мен аламан бәйгеге жалғасты. Бұл шараны қасына жұбайын, қызын алып Г. Колбиннің өзі келіп тамашалады. Наурыз мерекесін біздің өткізгенімізді көріп, келесі жылы көктемде оны көрші елдер - Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан республикалары да атап өте бастады. Осылайша Наурыз басқа елдерде жалғасын тапты. Қазақстан осылайша бүкіл Азия елдеріне Наурыз мерекесін қайта жандандыруға себепкер болды. Ол елдер де Кеңес өкіметі тыйым салғандықтан, Наурыз мерекесін ішінара ғана өткізіп отырған еді. Еліміз ол мемлекеттерге үлгі болды деп айтуыма әбден болады.
-Көрші елдерде Наурыз мерекесі 20 наурызда, не болмаса 21 наурызда тойланады. Басқаларын айтпағанда еліміздің батыс облыстарынд 14 наурыздан аталып өтіле бастайды. Ата-бабаларымыз 1917 жылға дейін Ұлыстың ұлы күнін 1 наурыздан тойлаған деген дерек те бар. Ресми түрде Қазақстанда Наурыз мейрамы 22 наурыздан бастап аталып өтіледі. Сіздің пікіріңізше, Наурыз мерекесін қай күннен бастап тойлаған дұрыс?
-Ондай деректер бар. Менің ойымша, дәл күн мен түннің теңесетін күн - 22 наурыздан бастап тойлау қажет. Ал қанша уақыт дегенге келетін болсақ, Наурызды жағдайға байланысты тойлай беруге болады. Наурыз негізінен қазақтың отыз күн ойыны мен қырық күн тойы болатын ұлттық мереке.
-Наурыз мерекесі қандай мейрам? Мерекенің мәні мен маңызын, басты ерекшелігін ашып айтып берсеңіз?
-Наурыз - жаңару мен жасарудың басы. Наурыз - қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы, төл жаңа жылы, дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы. Наурыз - береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы. Наурыз - күн мен түннiң теңелiп, табиғаттың ерекше бiр түрге бөленiп, жаңаратын кезi, ел-жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бiр-бiрiмен құшақ жайып, емен-жарқын табысатын айы. Наурыз - табиғат атаулының тiрiлiп, өмiрге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы. Ертеде бұл мейрам елдiң бiрлiгiн сақтап, туған-туысқанның басын қосып бауырластыққа, татулыққа шақыратын.
Әр мерекенің өзіндік тойлау дәстүрі бар сияқты, Наурыздың да өзіндік тойлау дәстүрі бар. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын көрісуден бастап, бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан, тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын. Бұл күнде күмбірлі күй тартылып қана қоймай, кетіскендер бекісіп, ренжіскендер кешісіп, бітімге келетін. Қайырымдылықтар жасалатын. Бұл күнде тек жақсылықтар тіленіп, туыс-туған бір-бірін шақырысып, өлілерге дұға тілеп, тірілерге берекет сұраған. Бұлақтардың көзі ашылып, тазалық жұмыстары қолға алынған. Ағайындар бір-бірінің үйлеріне қонақ болып, жасаған Наурыз көжелерінен дәм татысып, «Амансың ба? Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса, жол болсын!», «Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге кірсін», - деп құшақтасып көріскен. Тоқшылық, ырыс пен құт болсын деп қасиетті «Наурыз көже» дайындалып, мол дастархан жайылған. Бұл игі дәстүрлерде Наурыз мерекесінің ерекшелігі жатыр, әр дәстүрдің астында мән мен мағына, тәрбие жатыр. Игілікті істерге, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тағы да басқа ізгі істерге шақыратын бұл мерекенің мәні зор. Сондықтан, бұл мерекенің маңыздылығын арттыру керек. Ұлттық құндылықтарымызды бағалап, қадiрлеуiмiз керек. Наурыз Тәуелсiздiк күнiнен кейiнгi үлкен мерекенiң бiрiне айналуы қажет.
-Бүгінде «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін қалай тойлап жүрміз?» деген сауал көпті мазалайды. Сіздің пікіріңізше, Наурыз өз деңгейінде тойланып жатыр ма? Наурыз мерекесін қалай тойлауымыз, қалай қарсы алуымыз керек?
-Жаңа жыл мерекесiн қызықты өткiзуде соңғы он шақты жылда бiршама тәжiрибе жинақтала бастады. Алайда ойласып шешер, көп болып кеңесiп пiшер олқы тұсымыз әлі де бар. Біз Наурыз мерекесін төл Жаңа жылымыз дейміз де, әлі күнге дейін Жаңа жылды григориандық жыл санау бойынша тойлап жүрміз. Егемендігімізді алғанымызға 20 жыл болса да әлі де бұл мерекеге жағдай жасап, ұмыттырмауға дем беріп жүрміз. Тәуелсіздік мерекесін тойламай жатып, қала көшелері мен ғимараттарды безендіріп, шырша жаға бастаймыз. Біз үшін ең ұлық мереке - Тәуелсіздік пен Наурыз мерекесі болуы керек. Біз ұлттық құндылықтарымызды көздiң қарашығындай дәрiптей бiлуіміз керек. Ұлыстың ұлы күнi - Наурыз мейрамыәлі де болса өз деңгейiнде атап өтілмейді. Неге Наурыз мерекесіне дайындық орыстың жаңа жылы сияқты бір жарым ай бұрын басталмайды, неге бір ай бұрын Наурыз нақышында безендірілмейді? Ынтаның жоқтығынан осындай неге, неге деген сұрақтар туындайды.
Қазір біз, концерт көрiп, киiз үй тiгумен ғана шектелмеуіміз керек. Иә, алғаш Наурыз мерекесімен қазақ екенiмiздi көрсеттік, киiз үйдi тiктiк, үстiмiзге шапан кидiк. Сол арқылы қазақ екенiмiздi сезiндiк, ұлттық намысымыз оянып, қазақ болып туылғанымызды мақтан тұттық. Қазір енді, Наурыз өз айшығынан айырылмас үшін, ұлттық нақышта заманға сай түрлендiруіміз керек, жүйесін, дәстүрін жасауымыз қажет. Қазақтың қандай жақсы дәстүрлерi бар, соның бәрін наурыз айында көрсетуiмiз керек. Бүгінде қала жұртшылығының көбі мереке күні шараға шыққаннан гөрі, көгілдір экран алдында отырғанды жақсы көреді, төрт бұрышты жәшік насихатшы, санаға әсер етуші құралға айналды. Сондықтан Наурыз мерекесі күні, бір ай бойы теледидардан салт-дәстүрімізді насихаттайтын хабарлар, деректі фильмдер, Наурыз қандай мереке екенін дәріптейтін бағдарламаларды беру керек. Мерекелік арнайы хабарлар жасау керек. Ұлттық әндерді, халық әндерін көптеп беру керек. Атыс-шабыстың орнына, тек тәрбиелік мәні бар көркем фильмдер мен тарихи фильмдерді көрсету керек. Қазақтың ұлы перзенттері мен тұлғаларын көрсету қажет. Халық даналарының сөздерін беріп тұру керек. Ұлт аспаптар оркестрлерінің концерттерін дәл осы айда көптеп қою керек. Неге бұл айда сонымен қатар, айтысты, ұлттық әндер байқауын өткізіп, термешілердің, жыршы, қиссашылардың өнерін алып шықпасқа, қазақтың ұлттық қолөнерінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырмасқа? Еліміздің темірші, ұсташы, ұлттық қолөнерді жасаушыларды елге көрсетіп дәріптемеске? Құдайға шүкір, елімізде талантты, шебер адамдар баршылық. Сонымен қатар Наурыз әр түрлі ұлттық жарыстарсыз өтпеген. Неге ендеше, ұлттық спорттың республикалық жарыстарын тек осы Наурыз айында өткізбеске? Мәселен, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, көкпар және тағы да басқа спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастыру қажет. Оны тіпті, халықаралық жарыс қылып, Наурыз мерекесін тойлайтын елдер арасында өткізуге болады. Сондай-ақ неге осы айда ұлттық ас түрлерімізді көрсетіп, ас әзірлеудің қыр-сырын білетін жандардың арасында республикалық байқаулар ұйымдастырмасқа? Қымыз, шұбат жасаушыларды таныстырып, ол астардың қасиетін дәріптемеске. Ұлттық мерекені ұлттық салт-санамен, ұлттық дәстүрмен айшықтаудың талай жолы бар. Мемлекет бұған тек назар аудару керек. Өткен жылды қорытындылауды да Наурыздан бастаған дұрыс. Сонымен қатар Наурыз мерекесін ағаш отырғызудан бастап, халықтың экологиялық тәрбиесін қалыптастыру керек. Әр жанұя көшет отырғызуды отбасылық дәстүрге айналдыруы керек деп санаймын. Наурыз мерекесiнде ағаш отырғызумен қатар, көшелердi, үйлердiң айналасын тазалауды да қолға алуы керек. Наурыз сайын шағын аудандар мен көшелер арасында тазалық үшiн шаралар өткiзiлсе, үйлер үлгiлi ұсталар едi, көше, аулалары таза болар едi. Ал тазалық - денсаулық кепiлi екенi айтпаса да белгiлi.
Ұлыс күні киелі жеті дәм мен ақтан жасалатын тоқшылық пен ырыс-құттың белгісі болып табылатын қасиетті тағам - «Наурыз көже» дәріптеліп, Наурыз мерекесінде әр отбасының үйінде жасалынатын тағамға айналуы қажет. Наурыз мерекесі тек көшеге тігілген қазақ үйлер арқылы ғана бағамдалмауы керек. Ғасырлар қойнауынан бастау алған ежелгi салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың сақталуы үшiн қарапайым халықтың ғана атсалысқаны жеткiлiксiз. Наурызға елдi басқарып отырған барша лауазымды тұлғалардың, елім, жерім дейтін ұлтжанды азаматтардың қолдауы керек.
-Әңгімеңізге рахмет.