Алдымен Целиноград ауданының Ақмол ауылында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар мен жетім балалар баспаналы болды. Мұндағы 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы «Нұр-Сұлтан қаласының шеткі аймақтарын дамыту» бағдарламасы аясында салынған. Құрылыстың жалпы ауданы 755 шаршы метрді құрайды. Оны мердігер компания «Астана көктем С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Айталық, биылғы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Қосшы және Ақмол ауылында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын баспанамен қамту үшін 2 тұрғын үй салынды.
Сонымен бірге, Есіл қаласында да көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, пәтер кезегінде тұрған 45 тұрғын үйден пәтер кілттерін алды.
Санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Саматов қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады. Баспаналы болғандардың бірі –көпбалалы ана Гүлмира Ғабдулинова. Ол осы сәтті асыға күтіп, енді қоныс тойын тойлауға дайындалуда.
«Қуанышымызда шек жоқ. Жиһаз бен тұрмыстық техниканы әкелу қалды. Кең дәліз, үлкен жарық бөлмелер. Бұл жерде маған да, күйеуіме де, барлық төрт балаға да орын жетеді», – деп қуанышымен бөлісті баспана иесі Гүлмира Ғабдулинова.
Бүгінге таңда аудан бойынша 521 адам пәтер кезегінде тұр.
Осы күні Біржан сал ауданының әкімі Достанбек Есжанов Степняк қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңадан салынған 21 пәтерлі тұрғын үйден жаңа пәтердің кілтін тапсырып, қуаныш иелерін құттықтады.
Пәтерлі болғандардың арасында көпбалалы отбасылар және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары бар. Құрылыс жұмыстарын «Еңбек-Астана» компаниясы жүргізді. Мұндағы 21 пәтердің 3-уі бір бөлмелі, 9-ы екі бөлмелі және 9-ы үш бөлмелі. Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тағы бір 21 пәтерлі үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, екі 21, екі 45 және бір 30 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған.