12:18, 19 Наурыз 2009
Наурыз мерекесі қарсаңында теміржолшылар пәтерлі болды
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат. Наурыздың 19-ында 'Қазақстан темір жолы' ҰК' АҚ- ында қызметкерлерге пәтер кілті салтанатты түрде тапсырылды,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа ҚТЖ баспасөз қызметінен. Сол жағалаудағы "Краун плаза" кешеніндегі "BI Groиp" компаниясы тұрғызған тұрғын үйден компанияның 80 теміржолшысы пәтер алу қуанышына бөленді. Олардың ішінде елордасына орналасқан компанияның құрылымдық бөлімшелері мен филиалдарының еңбеккерлері бар. Қызметкерлерге пәтер кілтін "ҚТЖ" ҰК" АҚ президенті Асқар Мамин мен "BI Groиp" холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев табыс етті. "Краун Плаза" Астанадағы Сығанақ көшесі мен 19-шы магистралі бойына орналасқан. Тұрғын үй кешені 9 және 12 қабатты монолитті бизнес сынып түріне жатады. Онда 258 пәтер бар. Оның сыртында, балабақша, кеңселік және сауда орындары да бар. Кешен жүз пайыздық дайындықтан өткізілді. Теміржолшылардың жаңа пәтерге қоныстануы Қазақстан Үкіметі, Ұлттық банк және Қаржы рыногін реттеу мен қадағалау агенттігімен бірлескен "Бес батыл қадам" атты экономикалық және қаржы жүйесін тұрақтандыру бағдарламасы аясында жасалып отыр. Бұл жоспардың негізгі бағытының бірі жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды барынша реттеу. Оған "Самұрық - Қазына" Ұлттық әл -ауқат қоры арқылы тұрғын үй нарығына қолдау көрсету қарастырылған. Қор құрамына "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы да кіреді. Сондықтан да өз еңбеккерлері үшін ол құрылыс компаниясынан пәтерлерді сатып алды. "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ында тұрғын үйлер арнайы тұрғын үй комиссиясының шешімімен берілді. Ол комиссия пәтері жоқ жандардың өтініші негізінде атқарылды. Пәтерлер ұзақ мерзімдік пайызсыз несие негізінде беріліп, қызметкер "ҚТЖ" ҰК" АҚ -ына алдағы жылдары біртіндеп төлей бастайды. "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Астана ғана емес барлық өңірлерде де еңбеккерлерінің тұрғын үй жағдайын шеше бастады. Жақында Ақтау қаласында Маңғыстау теміржол бөлімшесінің 30 отбасына пәтер кілттері табыс етілді.