Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше - Елбасы

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Біз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі дәстүрлерімізді өрістетіп, оның мазмұнын байыта түсуіміз керек. Наурыз мейрамына орай бүгін Астанада өтіп жатқан «Наурыз нұры» мерекелік кешінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тарихтың талай бұралаң жолдарынан өткен тағдырлы халқымыз қай кезеңде де болмасын Наурызды жадынан шығарған емес. Ақпейіл халқымыз қашан да ұлыстың ұлы күнін ақ дастархан жайып, ақ тілекпен қарсы алған. Елдің тыныштығын, халқының амандығын тілеген. Бұлақ көрсе көзін ашып, шыбық қадап, көршісіне көмек беріп, сауапты ізгі істермен айналысқан. Біз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осындай ізгі дәстүрлерімізді өрістетіп, оның мазмұнын байыта түсуіміз керек», деді өз сөзінде Н. Назарбаев.

Елбасы Наурыз ықылым замандардан бері ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен келісімнің мейрамы болып есептелетінін атап көрсетті. «Наурызда мейірім шаттыққа ұласып, бай мен жарлы теңеледі. Барша жұрт ырыздыққа кенеледі. Ұлыстың ұлы күні ағайынның құшағы айқара қабысып, ренішті жандар қайта табысады. Сондықтан түсінікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше», деді Президент.