Наурыз мейрамы Бразилияның Карнавалынан кем түспейтiндей тойлануы керек - Жандарбек Мәлiбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Елтаңбасының авторы, танымал қазақ сәулетшiсi Жандарбек Мәлiбеков елдегi ұлттық мейрамдар әлемдiк деңгейде тойлануы тиiс деп есептейдi.

"Бiз әлi де болса, өткен ғасырдың ой-өрiсiмен жүрмiз", - дейдi Ж. Мәлiбеков "Астана сәулетi: бүгiн, ертең" атты дөңгелек үстелде.

"Бiз ұлттық, мемлекеттiк логиканы қалыптастыруымыз керек. Батыста немесе Шығыста не болса, соны көшiре салмай, ұлттық логика негiзiнде өзiмiзге керек нәрсемiздi құруымыз керек. Сондықтан мен тағы да айта кетейiн, шетелден келiп, бiздiң мәдениетiмiздi ешкiм көтерiп бермейдi", - деп атап өттi сәулетшi.

"Барлығын жаңа стандарттармен жасау қажет. Әсiресе, бiздiң ұлттық құндылықтарымызды дамыту iсiнде. Мысалы, бiздiң ұлттық мейрамдарымыз, дәстүрлерiмiз көп. Бүкiл Қазақстан Астанаға келмекшi, өнерпаздар, қолөнершiлер өз өнерлерiн көрсетiп жатады. Мысалға, Наурызды қалай өткiземiз?! Әрбiр жерде шұқып-шұқып, үй тiгемiз де - мiне, Наурыз мейрамын өткiздiк деп жатамыз. Бразилия елiнде қандай-қандай карнавалдар өтедi. Менiң ойымша, бiздiң Наурыз карнавалдан кем түспейтiндей жасалып жатса, ол оған сай жасалатын болса, бүкiл Қазақстан келiп, керемет бiр дүние шығып жатса, келген халық та қуанып кетедi, әрi бiздiң мәртебемiз де көтерiлiп қалады.