Наурыз мейрамы қарсаңында алматылық 60 отбасы пәтер кілтіне ие болды

АЛМАТЫ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы қаласының әкімі Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша кезекте тұрған қалалық туберкулез диспансерінің қызметкерлеріне пәтер кілтін табыс етті.

1986 жылдан бері кезекте тұрған 30 адам тұрғын үйді жалға алу иесі атанды. Олар көп балалы отбасылар мен созылмалы аурудың ауыр түрінен зардап шегетін науқастар, 1 және 2 топтағы мүгедектер.

Сондай-ақ 2010 жылдың соңына қарай "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша құжат тапсырған туберкулез диспансерінің 30 қызметкері ипотекалық тұрғын үйге ие болды.

"Елбасының "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасына сай біздің елде денсаулық сақтаудың жаңа нысандары бой көтеруде, сондықтан біз осы мекемелерде жұмыс істейтін азаматтарға да тұрғын үйді бірден салудамыз", -деді Ахметжан Есімов, жаңа пәтер иелерін құттықтау барысында.

Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында Алматыдағы құрылыстың 4 нысаны білім беруге және тағы 4-уі денсаулық сақтауға арналған болатын. Қазіргі таңда 4 мектеп пен 1 туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға берілген. Қалған 3 емхана жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.