Құрметті отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы Сіздерді халқымыздың бай мұрасы мен қазыналы дәстүрін паш ететін айтулы мереке, Ұлыстың ұлы күні Әз Наурыз мерекесімен құттықтайды!
Ата-бабамыздың «жылдың басы - Наурыз» деп атауында ерекше сыр бар. Табиғаттың заңына сай бұл күні тіршілік атаулының бәріне жан бітіп, түлеп, түрленіп, төлдеп бастайды, күн мен түн теңесіп, жер беті жаңаша өмірін жалғастырады. Қыстан шыққан ел «берекелі Наурыз» келді деп шаттанып, ынтымағын ұйыстырып бас қосып, даланы толтырып ұлан-асыр тойын жасайды.
Біздің халқымыз үшін бұл мереке - құлпырған көктемдей жастықтың, күн нұрындай шуақты мейірімнің, ырысқа бастар елдік ынтымақтың, ізгі достықтың, адал махабаттың нышаны.
Ұлыстың ұлы күні елдің басы бір арнаға тоғысып, бірлігі бекемделіп, елдік мұраттар сабақталады.
Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Наурыз ықылым заманнан бері ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен кісіліктің мейрамы болып есептеледі. Табиғат иіген, көк тас жібіген Наурызда мейірім шаттыққа ұласып, бай мен жарлы теңеледі, барша жұрт ырыздыққа кенеледі. Ұлыстың ұлы күні ағайынның құшағы айқара қабысып, ренішті жандар қайта табысады. Сондықтан, түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше» - дейді.
Тәуелсіздік жылдары, берекелі болашағымыз несібелі болсын деген ниетпен, еліміздің рухани құндылықтарына жете мән беріліп, ата дәстүрімізді жаңғыртуға кең жол ашылды. Соның ішінде Ұлыстың ұлы күні Әз Наурыздың орны ерекше. Осы жылдары ежелден келе жатқан Наурыз мерекесінің негізгі қағидаттарының - бейбітшілік пен қоғамдық келісім жолындағы, тұрақты да гүлденген қоғам орнатып ел ырысын еселей түсуге зор ықпал еткенін атап өтуге тиіспіз.
Наурыз мерекесі бүгінде, барша Қазақстан халқына ортақ, әрбір отбасының асыға күтетін мерекесі. Мамыражай қоғамы бар, бейбітшілік пен келісім мұраттарына адал барша отандастарымыз Наурыздың салтына сай бұл күндері бірін-бірі дастарханға шақырып, бойына қуат тілеп, наурыз көже тартып, ақ тілек пен баталарын жаудырады.
Қадірлі отандастар!
Ел игі арманын ардақтап, жетістіктерін әйгілейтін мерекеде халқымыздың ынтымағы жарасып, еліміз молшылыққа, ал әр шаңырақ - бақыт пен шаттыққа толсын деп тілейміз!
Баршаңызға шын жүректен, шынайы көңілмен бақ-береке тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі