Наурыз мейрамы: Семейде әжелер ұлттық тағамдардың қалай әзірленетінін үйретті

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейдегі Федор Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музейде Наурыз мейрамы қарсаңында дастарқан жайылып, Ұлыстың ұлы күніндегі басты тағамдар жайлы сөз етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шарада музей қызметкерлері бөлмеге жер үстел қойып, жан-жағын құрақ көрпемен әсемдеді. Бөлмедегі ою-өрнектермен көркемделген самаурын мен сандық халқымыздың қонақжай екендігінің айқын дәлелі іспеттес.

Мерекелік кездесудің басты қонақтары «Айша бибі» қазақ мәдени орталығының мүшелері болды. Дөңгелек дастархан басына жайғасқан ұлттық киім киген әжелер Наурыз көжеден дәм татты.

«Наурыз көже - Ұлыстың ұлы күніндегі басты тағам. Ол қасиетті 7 дәмнен тұрады. Бауырсақ пісірудің де қыр-сыры бар. Тіпті оның дөңгелек пішінін сақтап пісуінің де маңызы зор. Бұрын бауырсақ қамырына тек жұмыртқа ғана қосылатын. Нәтижесінде ол ұзақ уақыт сақталып, бүлініп кетпейтін. Бірде туыстарымыздың бірін әскерге шақырды. Сол кезде жолда аш қалмасын деп біз оған осындай бауырсақ пісіріп бердік», - деді аталған орталық мүшесі Кәмшат Әбділқызы.

Ф.Достоевский атындағы музейдің бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Салтанат Сексембаева кездесудің өте қызықты өткенін айтты. Өйткені, бұл шараға үй шаруасындағы әйелдер де қатысқан. Олар өздерінің білгендерін ортаға салып, ұлттық тағамдарды дайындау қазір әлдеқайда жеңіл екендігін жеткізді. Себебі барлық тағамның құрамдарын дүкендерден еркін сатып алуға болады.

Әжелер мерекелік дастархан мәзірін дайындаудың барлық әдіс-тәсілдерін айтып болған соң бата беріп, барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, молшылық пен жақсылық тіледі.