Наурыз мейрамын ақсайлықтар шетелдіктермен бірге атап өтті

None
ОРАЛ. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі Ақсай қаласында да кеңінен аталып өтілді.

Қыстың қыспағынан құтылып, арқа-бас кеңейіп, жайдарман шаққа жеткен бөрлілік ағайын мен аудан қонақтары әз Наурыз мейрамына көп жиналды. Теміржол және Сырым Датов көшелерінің бойында бой көтерген ақ шаңқан киіз үйлердің арасында серуендеген халық қазақтың ұлттық тағамдарынан және өзге де тәтті-дәмділерді сатудан ұйымдастырылған жәрмеңкеге де ат басын бұрмай қалған жоқ. Аудан әкімдігі тіккен он екі қанат ақ орда және басқа мекемелердің киіз үйлері байырғы қазақ халқының ауылын, жазира дала төрінде еркін жайлаған қонақжай халықтың тынысын еске салды. Боз кілемде балуандар белдессе, арқан тарту, гір спорты, бұқа тартыс, қол күресі секілді спорттық ойындар ойналды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімі атынан дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Мерекелік концертті тамашалауға жиналған қауымға алдымен театрландырылған көрініс ұсынылды. Жақсылықтың жаршысы, адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын Қыдыр ата ортаға шығып, «Береке-бірлікті, ынтымақ тірлікті серік еткен елімізде Наурыз құтты болсын!», - дей келе аталы жұртқа баталы сөзін арнады.

Халықты құттықтаған аудан әкімі Марат Түсіпқалиев: «Күн мен түн теңелетін Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің жаршысы саналатын бұл ұлы тойды биыл біз үлкен жетістіктермен қарсылап отырмыз. Әлеуметтік-экономикалық даму жағынан қарқынымыз басым. Алар асуымыз, бағындырар белесіміз әлі де көп. Бірлігіміз жарасып еңбектенсек, мерейіміз үстем бола бермек. Наурыз халқымызға игілік, елімізге молшылық алып келсін», - деді. Бөрлі жерін жер-жаһанға танытып, ел экономикасының өрістеуіне қомақты үлес қосып келе жатқан «КПО б.в.» компаниясының бас директоры Дамиано Ратти тілегін былай жеткізді: «Көп ұлтты «КПО б.в.» компаниясының ұжымы атынан Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Ерте ғасырдан тамыр тартқан бұл көктем мейрамы - жаңа жылдың белгісі. Бағзы заманнан бері бұл күні адамдар бір-біріне жақсылық тілейді. Сондай-ақ Наурыз мейрамы жыл бойы жетістік әкеледі деген сенім бар. Бұл мейрамның «КПО б.в.» компаниясының ең сүйікті мейрамы екенін ерекше атап өткім келеді. Біздің компанияның өндіріс саласындағы қол жеткізіп отырған жетістіктеріне жергілікті тұрғындардың да қосқан үлесі зор. Сонымен қатар жергілікті әкімдікпен өзара ынтымақтастығымыздың арқасында біз игі істерді еселей тындырып келеміз. Алдағы уақытта да бірлігіміз нығайып, биік белестерді бағындыра берейік».

Ресей елінен келген Елек ауданы әкімшілігінің басшысы Владимир Карпенко да халықты мейраммен құттықтап, екі ел арасындағы достықтың нығайып, татулықтың үстемдік етуін, Қазақстанға мол табыс тіледі.

Шара барысында аудан басшысы М.Түсіпқалиев жас айтыскер ақын Жарқынбек Шынтаевқа қазақтың қасиетті домбырасын сыйға тартты