Наурыз мейрамына орай сегіз аймақ елордаға азық-түлік өнімдерін алып келеді

None
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Елорда Наурыз мейрамына жан-жақты дайындалуда. Жыл басы саналатын көктемнің басты мерекесін астаналықтармен бірге тойлауға республиканың бірнеше аймағынан делегациялар келуде.

astana.kz сайтының жазуынша, 21 наурызда 18.00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында ел аймақтарынан келген өнер ұжымдарының қатысуымен концерт пен театрландырылған қойылым ұсынылады.

Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 30-ға тарта этно-фольклорлық ұжым қатысады. Әрбір облыс өзімен бірге бірнеше вокальды-аспапты және би ансамбльдерін алып келеді. Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына халықтық серуен, би, поппури, музыкалық аспаптарда ойнау - барлығы 50-ден астам нөмірлер ұсынылмақ. Олардың ішінен режиссерлер Бейбітшілік пен келісім сарайындағы концертке ең үздіктерін іріктеп алады.

Шығыс Қазақстан облысынан келген делегацияның құрамында 18 әртіс және 7 мұражай қызметкері бар, бұл облыс Астанада жеке көрмесін ашуды жоспарлап отыр.

Шығармашылық нөмірлерден бөлек, әр облыс өз өңірінің алдыңғы қатарлы өңдеуші кәсіпорындары шығарған азық-түлік өнімдері жәрмеңкесін өткізеді. Жәрмеңкеге арнап «Қазақ елі» алаңында 40 киіз үй тігіледі.

Астана қаласының Кәсіпкерлік басқармасынан хабарлағандай, жәрмеңкеге Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан,, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласының кәсіпорындары қатысқалы отыр.