Тоқтала кететін жайт, таяуда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурыз мейрамына ұлттық мазмұн беру туралы тұжырымдамасы баспасөзде жарияланған болатын. Осыған орай, депутат министрдің ұсынысына толық қосыла отырып, дәстүрлі мерекені фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне көтеруді алға тартады.
«Наурыз бен оның тарихы жайында айтқанда, алдымен Қыдыр баба мен Ұмай ана жайлы сөз қозғауға тиіспіз. Қыдыр қазақтың сондай-ақ басқа да түркі тілдес халықтардың ерекше жарылқаушы қасиетке ие әулиесі. Бұл күндердің күнінде «қырықтың бірі» болып жолығып, бағыңды жандырады. Сондықтан жүздескеннің бәрін кемсітпей, ілтипат көрсету керек. Қыдыр бұл тұрғыда адам баласын өзара табыстырушы, алыс-жақынды жалғастырушы киелі тұлға», - деді А.Смайыл.
Сонымен қатар депутат Ұмай ананың түркі тектестердің арасында Хауа анадан кейінгі ұлы анасы екенін, әйел мен баланың пірі екенін еске салды.
«Міне, осы екі әулие Наурыз күні алдында және той күні балабақшадағы бүлдіршіндер мен төменгі сыныптағы сыйлық үлестірсе, баталарын беріп, игі-тілектерін білдірсе, ұлы мейрам - Наурыз мерекесінің тарихы мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берсе құба-құп емес пе? Бұл алдағы уақытта дәстүрге айналса бала жүрегіне Қыдыр бабаның киесі, Ұмай ананың мейірім-шуағы дарып, ұлттық ұлағат пен тәлімге айналмай ма? Дәстүріміз бен салтымыз балдырғандарға әсерлі насихатталып, Аяз атаға жүгініп, Қарша қызға жүгірген балаусалар түпкі тамырына осылай оралмай ма? Наурызды ұлықтап, тарихты қадірлеу үшін пайдалану дегеніміздің бірі осы», - дейді депутат Алдан Смайыл.