Наурыз тек табиғаттың ғана емес адам баласының да жан дүниесінің рухы жаңаратын мезгіл - ҚазҰПУ ректоры

АЛМАТЫ. Сәуірдің 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Наурыз тек табиғаттың ғана емес адам баласының да жан дүниесінің рухы жаңаратын мезгіл.

Оны Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры бүгін Алматыдағы оқу орнының «Әз-Наурыз Абай ауылында» атты мерекелік салтанатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Наурыз күні ағайын-туысқа, дос-жаранға деген өкпе-аразыңдығыңды ұмыт, кінәлінің білместігін кешір. Ойыңды, пиғылыңды тазарт, жүрегіңді ағарт. Көңіліңде кір сақтама, адамдарға қайырымды, мейірімді бол, жетім көрсең жебей жүр, жоқ-жітікке көмектес депті дана халқымыз. Жалпы Наурыз жыл басы ғана емес ынтымақ пен бірліктің, татулық пен достықтың, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Ол өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Наурыздың мән-мағынасы, былайша айтқанда пәлсапасы оны басқа мерекелерден дара бейнелейді», деді университет ректоры Серік Пірәлиев. Серік Жайлауұлының айтуынша, қазір университетте оқытушыларды шет елде тәжірибеден өткізу, шетелдік оқу орнының профессорларын шақыру, олармен студенттер алмасу үрдісі оң шешімін тапты. Қос диплом бағдарламасы бойынша бірнеше шетелдік оқу орындарымен келісім-шарт жасалды. «Елбасының жоғары оқу орындарының ақылы бөліміндегі студенттеріне бөлгізген 11 мың қосымша мемлекеттік грантының 218-і біздің студенттеріміздің үлесіне тиді. Сонымен қатар өз тарапымыздан аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 балаға материалдық көмек көрсеттік. 71 студенттің оқу ақысын 70 пайызға дейін жеңілдеттік», - деді университет ректоры.