Наурыз тойы сынды мерейлі шақта мен Қазақстанда, сіздермен бірге болғаныма қуаныштымын - Марк Дакаскос

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Дәл осы мерейлі шақта мен осы елде, сіздермен бірге болғаныма қуаныштымын. Наурыз мейрамы тұсында Астана қаласына келген Голливуд актері Марк Дакаскос қазақстандықтарды мерекелерімен құттықтады.

«Мен шығыс елдерінде жаңа жыл бастауын білдіретін Наурыз мейрамын тұңғыш рет тойлап отырмын. Наурыз тойы сынды мерейлі шақта мен Қазақстанда, сіздермен бірге болғаныма қуаныштымын. Мен сіздердің мейірімдеріңізді, махаббаттарыңызды сезінемін, әсіресе мейрам уақытында осында келгеніме, қазір жергілікті балалардың ортасында жүргеніме ризамын»,-деді әлемге танымал актер.

22 наурыз күні М. Дакаскос мерекелік концертте болып, қазақтың Наурыз мейрамында жасалатын салт-жораларды, дәстүрлерді көріп тамашалаған.

«Маған бұл қойылым қатты ұнады және мен осында қазақстандықтармен бірге жүргенімнің өзі үлкен бақыт деп санаймын. Осы елге келген сайын қазақ халқының ақ пейілділігіне, жарқын жүзділігіне, сүйіспеншіл және ашық мінезділігіне қанығып қайтам»,-дейді М. Дакаскос ағынан жарылып.

«Жергілікті халыққа уақытты жақсы өткізу үшін демалыс күндері қажет те емес секілді. Себебі олар жаны жайсаң, көңілі сергек адамдар»,-дейді ол.

Марк Дакаскос танымал Голливуд актері, ол 1964 жылы Гавай аралында дүниеге келген. Ол «Көшпенділер» киносында басты рөлдердің бірін сомдады. Қазіргі уақытта М. Дакаскос қазақстандық «Танарис» киностудиясымен бірлесіп, романтикалық комедия жанрында фильм түсіруге кірісті.