Наурыз жақсы істер мен ізгі бастамалардың бастауы болғай - депутат Оразкүл Асанғазы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы «Нұр Отан» партиясының сайты арқылы барша отандастарды, қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

«Байырғы да баянды ұлы Отанымызға көктем болып келген Наурыз мейрамы құтты да берекелі болсын! Осынау Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа амандық, ұрпаққа есендік тілей келе, егемендігіміз мәңгілік, мұраттарымыз жасампаз, еңбектеріміз еселі болсын дегім келеді. Сан ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамының бойындағы мейірім мен ізгілік әрбір жүрекке бауырмалдық, қайырымдылық, кешірімділік шуағын төксін! Нағыз жыл басы - Наурыз мейрамы жақсы істердің, ізгі бастамалардың да бастауы болғай!», - деді Оралкүл Асанғазы.

«Күн мен түн теңелген табиғаттың ғажайып үйлесімі әрбір отбасының, әрбір ұжымның жарасымына ұласып, еліміздегі ынтымақ пен татулықтың аспаны ашық, болашағы жарқын болсын деген тілегімді жеткізгім келеді», - деп білдірді ізгі тілегін депутат.