Наурызбай ауданында жаңа емхана ашылды - Алматы

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Наурызбай ауданында жаңа емхана ашылды. Әлеуметтік нысанның салтанатты ашылуына қала әкімінің орынбасары Арман Қырықпаев қатысты.

Ақжар шағын ауданында бой көтерген жаңа емхана Наурызбай ауданының 14 мың тұрғыны мен жақын арадағы саяжай ауылдарының 10 мың тұрғынына қызмет көрсетуге салынды. «Бұл - өте жақсы оқиға. Қаламызға жақын арада қосылған Наурызбай ауданы тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін жасалып жатқан игі іс. Елбасы саясатының арқасында халық денсаулығын сақтау мәселесіне үлкен көңіл бөлініп келеді. Жер-жерде аурухана, емхана, медициналық орталықтар ашылып, заманауи құралдармен қамтамасыз етілуде. Болашақта да бұл саясат өз жалғасын табатын болады», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықпаев. Жаңа емханада бір уақытта 100-ге жуық ересек адам мен балаларға қызмет көрсетілетін болады. Медициналық кешен заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. «Емхананың құрылысы 2014 жылдың сәуірінде басталып, 2014 жылдың желтоқсанында аяқталды. Бұл - Наурызбай ауданындағы тұңғыш емхана. Мұнда дербес клинико-диагностикалық зертхана, анализатор, стоматологиялық кабинет, дәріхана бар», - деді №27 емхананың бас дәрігері Жанна Иманбаева. Аудан тұрғындарына 30 дәрігер, 50 медбике қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, емхананың жанынан 3 жедел жәрдем бригадасы ашылады. Алматы жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Біржан Оспановтың айтуынша, бұл аудан тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті бұрынғыдан да тезірек көрсетуге септігін тигізеді. «Көмек 103» бағдарламасының арқасында жедел жәрдем дәрігерлеріне ауруханада міндетті түрде отырудың қажеті жоқ. Оларға «шақырту» туралы СМС келеді.

Соңғы жаңалықтар