Наурызды мерекелеу Қазақстан халқын біріктіре түседі - А.Васток

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамын мемлекеттік деңгейде мерекелеу Қазақстан халқын ортақ құндылықтардың төңірегіне топтастыруға септігін тигізеді. Бұл туралы бүгін «Бір ел - бір тағдыр» фестивалі барысында «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Ариана» ауған орталығының төрағасы Ахмадұлла Васток мәлім етті.

«Шығыстың көнеден келе жатқан Наурыз мейрамын мемлекеттік деңгейде мерекелеу - Қазақстан халқын ортақ құндылықтарымыздың төңірегіне топтастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар ол Қазақстанда өмір сүретін түрлі ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара түсіністікті дамыта түседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел үкіметінің сындарлы саясатының арқасында Қазақстандағы түрлі ұлттар өздерінің ұлттық мерекелерін басқа ұлттармен бірлесе отырып өткізеді. Мінеки, Қазақстан халқының осындай мықты бірлігі басқа мемлекеттерге үлгі», - деді А.Васток. Ол сонымен қатар қазақстандықтардың ортақ, ұлы құндылықтарды жақсы түсінгендіктерінің арқасында елімізде ұлтаралық татулықтың, достықтың одан әрі нығайып жатқандығын жеткізді. «Басқа елдерде болып жатқан қақтығыстар біз үшін үлкен сабақ. Дау-жанжалдар, қақтығыстар ешкімге ешқашанда абырой әпермейді, пайда да әкелмейді», - деді Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары.