Наурызды ұлттық құндылықтарға лайықты деңгейде өткізу қажет - У. Қалижан

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Уәлихан Қалижан ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың атына үндеу жасады.

«Әз Наурыздың халқымызға қайта оралғанына 22 жылдың жүзі болды. Алғашқы кездері Наурыз мейрамы шынында да бүкілхалықтық сипатқа ие болып, Қазақстан халықтарының ортақ мерекесіне айналған еді. Елбасының жарлығымен Наурыз мемлекеттік мерекелердің күнтізбесіне енгізілді. Халық бұған дән риза. Бірақ, атқарушы билік бұл мерекенің ұлттық құндылықтарымызға енетін ерекше - Ұлыстың Ұлы күні екендігін мүлдем ұмытқан секілді. Болмаса, әсем Астананың безендірілуіне көз салып көріңізші - Алдар көсенің сақалындай «Наурыз құтты болсын!» деген селдір жарнамадан басқа ештеңе көрінбейді. Теледидар тым болмаса өз тараптарынан Наурыз туралы әлеуметтік жарнама ретінде мереке туралы ақпараттар да бермейді», - дейді депутат.

Осыған орай, У. Қалижан Мемлекеттік хатшыдан арнайы комиссия құрып, Наурызды тойлаудың біртекті жоспарын жасауды сұрады. Сонымен қатар ол, осы мәселеге қатысты өз ұсыныстарын да жеткізді. «Мысалы, Қыдыр ата - Аяз атадан да қастерлі. Сол бабамыз Наурыз күндері үлкен алаңдарда, үйлерде болып, жұртқа батасын беріп, балаларға сый-сияпат жасаса рухани әрі ұлттық мақтаныш қалыптастыратыны сөзсіз. Әдебиет, өнер, сәулет саласындағы майталмандар Наурызда марапатталса игі еді. Осы күндері «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» атты конкурстар мәреге жетіп, халық жиналған ірі алаңдарда соларға марапат тапсырылса, шара ірі концерттік бағдарламаға ұласса тәрбиелік мәні де өсер еді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында батыр аналарға Алтын алқа, Күміс алқа сынды мемлекеттік наградалар салтанатты жағдайда тапсырылып, марапатталса, Наурыздың мән маңызы арта түсетініне кәміл сенемін. Этнографиялық деңейден жалпыұлттық мерекеге ұласатын Наурыздың ұлттық құндылықтарымызға лайықты деңгейде өткізілуіне қамқорлық жасалса игі», - деді депутат У. Қалижан.