Наурыздың 22-сі күні Астанада бірнеше жолдар жабылады, азаматтар үшін арнайы қоғамдық көлік ұйымдастырылады - ІІД

АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Наурыз мейрамы атап өтілетін наурыздың 22-сі күні Астана қаласында бірқатар автожолда қозғалыстар шектеледі. Мерекелік іс-шаралар өтетін орындарға халықты арнайы автобустар жеткізіп салатын болады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында қалалық Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Малыбаев айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл Наурыз мейрамын көпшілікпен атап өту орны ретінде «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының аумағы белгіленді. Мерекелік думандар сондай-ақ, қаладағы бірқатар ашық алаңдарда ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Отан қорғаушылар» ескерткіші, «Астана-Бәйтерек» монументі, «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, «Жастар» сарайы мен «Қазақстан» спорт кешені, Қаржы министрлігі мен Елорда саябағы. Әз-Наурыз Интернационалды, Теміржол, Пригородный, Қараөткел, Көктал және Өндіріс кенттерінде де кеңінен тойланбақ.

Б.Малыбаевтың атап көрсеткеніндей, мереке күндері жекеменшік және қоғамдық көліктердің кептелісін болдырмас үшін келесі көшелерде қозғалыстарға шектеу қойылады: Қабанбай батыр даңғылы бойымен «Рамстор» сауда үйінен бастап 23-ші көшеге дейін; Сарыарқа даңғылы бойымен Кенесары көшесінен Сығанақ көшесіне дейін; Сарайшық, Тұран көшелерінен Қабанбай батыр даңғылына дейін.

Сонымен бірге, автокөліктердің ыңғайы үшін мәдени іс-шаралар өтетін жерлерді айналып өтетін бағыттар қарастырылып отыр.

Б.Малыбаевтың айтуынша, мерекелік шаралар ұйымдастырылатын орындарға халықты арнайы автобустар жеткізіп салатын болады. Оларға отырғызу таңертеңгі сағат 8-ден бастап К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрынан, «Жастар» сарайынан, қалалық әкімшілік алдындағы алаңнан, «Қазақстан» спорт кешенінің аумағынан, Республикалық Гвардия мен Интернационалды кентінен жүргізіледі.

Той-думан толығымен аяқталғанға дейін Тұран даңғылы мен Сарайшық көшесінің және Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында автобустар келесі бағытта қатынайтын болады.

Сондай-ақ, азаматтар іс-шаралар өтетін орындарға емін-еркін жетуі үшін бірнеше бағыттар бойынша (№10,12,18,21,27,28,30,35,40,41,42,43,116,117,118) қоғамдық көліктерге Қабанбай батыр даңғылы бойымен еш кедергісіз жүру мүмкіндігі жасалады.