18:20, 17 Наурыз 2009
Наурыздың 22-сі күні Астанада «Кіші жібек жолы» автокеруені ұйымдастырылады
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Наурыздың 22-сі күні Астана жолдарымен көкөніс, жеміс-жидек, маталар мен әшекей бұйымдарын сатып, концерттік бағдарлама ұсынатын «Кіші жібек жолы» атты автокеруен жүріп өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Есіл ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне сілтеме жасап. Астаналық саябақтан бастау алатын автокеруен Заречный, Пригородный кенттерін басып өтіп, Ильинка ауылына ат басын тірейді. Сатып алушыларға қосымша сыйлықтар да үлестірілетін болады. Бұдан бөлек саябақта алтыбақандар орнатылып, киіз үйлер тігіледі. Киіз үйлердің әрқайсысында қазақ халқының салт-дәстүрлерінен хабардар ететін көріністер қойылып, ән мен биден шашу шашылады. Той соңында қазылар алқасы ең үздік киіз үйді, ас мәзірлерін ұсынған мейрамханалар мен дүкендерді марапаттайтын болады. Ал үлкен сахнада қазақ эстрада жұлдыздары, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамының «Әжелер ансамблі», астаналық цирк және «Джунгли» аниматроникстер театрының әртістері өнер көрсетеді. Ұлттық спорт түрлері мен көпшілік ойындар ұйымдастырылып, наурыз көже ішіліп, бауырсақтар таратылады.