Наурыздың 28-інде әлем елдері бойынша «Жер сағаты» акциясы өтеді

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін елорданың Халықаралық баспасөз орталығында «Жер сағаты» әлемдегі ең ірі іс-шарасын өткізу жөнінде баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Климаттың өзгеруіне қарсы бағытталған аталмыш шараға сенбі күні, наурыздың 28-інде 20:30-дан 21:30-ға дейін бір миллиардтан астам адам, 835 қала және 80-нен астам әлем мемлекеттері қосылады. Бір сағатқа кеңселер мен тұрғын үйлерде жарықты сөндіру арқылы Жер тұрғындары ғаламымыздың энергиясын сақтауға өз үлесін қоспақ. «Жер сағаты» шарасы алғаш рет 2007 жылдың наурыз айында Жабайы табиғат қорының ұсынысымен Сиднейде ұйымдастырылған болатын. Сол жылы бір уақытта Австралия астанасының 2 миллионнан астам тұрғыны мен 2 мыңнан астам компаниялардың жұмысшылары жарықты өшірді. Нәтижесінде Сидней қаласы бір сағаттық энергия шығынын 10,2 пайызға қысқартқан. Ал 2008 жылы бұл іс-шараға бүкіл әлемнің 370 қаласынан 50 миллионнан астам адам қатысқан болатын. «АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі аталмыш акцияға қолдау көрсетіп отыр. Біздің елшілік те осы күні көрсетілген уақытта жарығын өшіреді. Сондай-ақ біз «Жер күнін» атап өтуді жоспарлап отырмыз. Елшіліктің волентерлері мен қатысушылары осы күні елорданың орталық саябағын тазалауға атсалысады», - деді АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісінің Мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Виктория Слоун.Аталмыш шараға Қазақстанның кез келген тұрғыны қатыса алады. Ол үшін наурыздың 28-інде (Астана уақыты бойынша) 20:30-дан бастап бір сағатқа жарықты өшіріп, www.earthour.org сайтына Қазақстан деп тіркелуі тиіс. Айта кететін жайт, елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала нысандарындағы жарықты өшіруге дайындауға тапсырма берді. Олардың қатарында Ақорда, Жоғарғы сот, Бәйтерек, «Нұр Астана» мешіті, Конгресс-Холл, Автовокзал, Тәуелсіздік сарайы, Думан және басқа да ғимараттар бар.