Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
«15 және 18 наурыз аралығында Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының базасында аталмыш бірлестіктің және Ұлттық үйлестірушілер Кеңесінің (ШЫҰ ҰҮК) кезекті отырысы өтеді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, алдағы басқосуда Астанада мамырда өтетін Шанхай ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің Кеңесі және 15 маусымда өтетін Ұйымның мерейтойлық Саммитін қоса алғанда, 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұйым аясындағы негізгі іс-шараларды өткізу мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.
Ұлттық үйлестірушілер кеңесі Шанхай ұйымының ағымдағы қызметін үйлестіру және басқарумен, қатысушы елдердің нақты бағыттар бойынша тиісті министрліктер мен ведомстволар арасындағы әрекеттестігін қадағалаумен айналысатын орган болып табылады.