«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында «Ақмарал Арыстанбекова: Саяси үдерістер жаһандану ықпалымен айқындалады» деген тақырыппен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі А. Арыстанбековамен арадағы сұхбатты жариялады. «Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасында Отанымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясы негізінде қарқынды экономикалық дамуымен, саяси тұрақтылығымен, байыпты сыртқы саяси бағытымен ерекшеленетін қалыптасқан мемлекет ретіндегі басты қағидаттары, мақсаттары, міндеттері мен басымдықтары анықталған. Сондай-ақ, Қазақстан сыртқы саясатының көпвекторлы, теңгерімді қағидаттары мен еліміздің ұлттық мүдделерін табанды қорғауға негізделген сабақтастығы қуатталған. Мемлекет басшысының шет мемлекеттермен қарым-қатынасты халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына негіздеген бұл сыртқы саяси бағыты тәуелсіздік жылдары бойында Қазақстанды халықаралық қатынастардың толық құқылы және жауапты қатысушылары қатарына қосты», - дейді Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші.
***
«Қазақстанда «монстр-министрлік» бар екен. Экономикаға да жауапты, бюджетке түсетін триллиондаған қаржыны бөлумен де айналысатын министрлікті кеше депутаттар осылай атады», - деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санындағы «Монстр-министрлік» қаржыға қадағалау жасай ала ма?» атты мақаласында. Бұл күні «Үкімет сағаты» аясында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Мәжіліс алдында есеп берген болатын. Ол қалаулылармен бірқатар қызықты жаңалықтарымен де бөлісе кетті. Өткен айда Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан «экономикаға шұғыл көмек көрсету үшін» орасан зор көлемде қаржы бөлінетіндігін жария еткен болатын. «Мен экономиканы «ұзын» ақшамен, өсіммен қамтамасыз ету үшін ұзақмерзімді кредиттерге 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылдаймын», - деді Елбасы. Ел Үкіметі осы триллиондық қаржы тасқынын қай арналарға бұратынын айқындапты. «Бүгінде Үкімет пен Ұлттық банк 1 триллион теңге бөлу бойынша алдын ала жұмысты аяқтады, ол Президенттің назарына ұсынылды. Біз осы қаржы пайдаланылатын бірнеше бағытты анықтадық», - деп хабарлады Ерболат Досаев.
Осы басылымда « 5 мың жұмыс орны ашылады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығы күні республикалық қоғамдық қабылдауда Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» халыққа Жолдауындағы берілген тапсырмаларды орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне арналған селекторлық кеңес өтті. Осыған орай еліміздегі жетекші партия «Нұр Отанның» - «Кедергісіз келешек» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталмақ. Аталған жобаны төрт бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған: мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу; мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісі жоқ жағдай жасау; қоғам мен бизнестің назарын мүгедектердің мәселесіне аударуға бағытталған тұрғындарды ақпараттандыру жұмысын күшейту; мүгедектердің құқығын тиімді жүзеге асыратын құқықтық алаң құру. Жоба шеңберінде 2014 жылдың соңына дейін 5 мың мүгедекті жұмысқа орналастыру қарастырылған. Оның сыртында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімшіліктердің ақпаратына сәйкес үстіміздегі жылы 5 мың мүгедекті жұмысқа тұрғызатын еңбек орны құрылады.
***
«Ресейдің қиыр солтүстігінде, Тайганың терең түкпірінде Норильск қаласының барын екінің бірі біледі. Бүгінгі жұрт оны белгілі кәсіпкер,осы өңірдің губернаторы болған, Англияның «Челси» футбол клубының иесі Роман Абрамовичпен ғана байланыстырады. Ал оның кезінде кеңестік темір режим саяси және әскери тұтқындарды адам төзгісіз жағдайда ұстаған «Норильск» еңбекпен түзеу колониясынан қалған белгі екені ешкімді көп мазалай қоймайды», - деп жазады «Ана тілі» газеті соңғы санында. Кейбір деректерге қарағанда, мұнда 1935-1956 жылдар аралығында (1956 жылы лагерь жабылған) 300 мыңнан 500 мыңға дейін сотталған саяси тұтқындар жазасын өтеген. Олардың арасында Лев Гумилев, Давид Кугульдтинов, Николай Козырев сияқты аса танымал адамдар да болды. Саяси тұтқындар тізімінің бірінде Олжас Сүлейменовтің әкесі Омархан Сүлейменовтің аты-жөні де жүр. Бұл жайында «Тайгада қазақтың тағдыры бар» деген мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымда «Наурызға дайындығымыз қалай?» деген мақала жарияланды. Ұлық мерекеміз - Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне, дәлірек айтсақ, бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Әншейінде Жаңа жылға дайындықты ертерек бастап, шырша тігуді міндеттейтін әкім-қаралар әзірше тым-тырыс. Ұлыстың ұлы күнін наурыз айының ортасына қарай сезіне бастайтын халқымыз да қыстың ызғарынан, Жаңа жылдың көңіл-күйінен әлі де айыға алмай жүр. Бұл мақалада өкінішке орай елімізде әлі күнге Наурыз мерекесін тойлаудың нақты бағдарламасы жоқ екені айтылады. ***
«Экспресс К» басылымының жазуынша, Ақмола облысында шетелдік азаматтар асырып алған көптеген балалардың тағдары белгісіз болып отыр. Олардың барлығы шетелдік ұйымдар арқылы рәсімделген көрінеді. 1999 -2011 жылдар аралығында Ақмола облысынан шетел азаматтары 441 баланы асырауға алған. 2003 жылдың өзінде 52 бала шетел асып кеткен. Өкінішке қарай, бұл балалардың тағдыры жайында ешкім білмейді екен. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы «Возврату не подлежат» деген мақалада берілген.