***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахмановтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен дәстүрлі апталық брифингі болып өтті. Брифинг барысында журналистер тарапынан ресми өкілге Қазақстан мен Қытай арасындағы «құпия келісімдерге» қатысты сұрақ қойылып, оған жауап берген А.Әбдірахманов: «Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернетте таратылып отырған Қазақстан жағы Қытай тарабымен «әскерлерді енгізу» мен «жерді жалға беру» жөнінде жасырын келіссөздер жасапты-мыс деген сөздерге байланысты министрлік аталған ақпараттың шындыққа мүлдем жанаспайтындығын ресми түрде мәлімдейді. Осы тектес ақпараттың таратылуы қоғамдық пікірге белгілі бір мақсатпен теріс ықпал етуді және арандатуды көздейді», - деп атап көрсеткен. Мақала «Жалаға жол жоқ» деген тақырыппен басылып отыр.
«Шу локомотив жөндеу зауыты - елімізге және жақын шет елдерге сервистік қызметімен кеңінен танымал кәсіпорын. Енді, міне, осы кәсіпорын жақында тағы бір жаңа жобаның тұсауын кесті. Орыс елінің Краснояр қаласындағы комбайн зауытымен келісім-шартқа отырған локомотившілер енді «Енисей-1200» комбайндарын қазақ елінде құрастыруға қол жеткізді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «ЕНИСЕЙ-1200» Шуда шығарылады» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған зауытта құрастырылатын бір комбайнның құны шамамен 12 миллион теңгені құрамақ.
***
«Наурызға неге кеш дайындаламыз?». «Айқын» газетінің бүгінгі санында осындай тақырыппен жарық көрген мақалада Елбасының жарлығымен 3 күн мереке болып бекітілген ұлттық мерекемізді ұлықтауға келгенде кемшін түсіп жатқан кемшіліктеріміз сынға алынған. «Өкінішке қарай, қаңтардың алғашқы күнін қарсы алуға бір ай бұрын ерекше әзірленетін әкім-қаралар, сан түрлі тауарларға мерекелік жеңілдіктер ұсынып, жұрттың назарын аударуға барын салатын бизнес өкілдері Наурызға келгенде, неге үнсіз қалатыны түсініксіз... 8 наурызда әйелдерді аялаумен аяқталған жайлы жарнамалар да аяқ асты жоғалып кетеді!», - деп жазады басылым.
«Айқын» газетінің жазуынша, Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының тұрғындары үрей құшағында жүр. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандай сүлесоқ күй кешуде. Тіпте кешке қарай ауылдан алты қадам аттап басуға қорқады. Яғни бүгінгі күні Ақтоғай ауданының жиектегі ауылдарында «тұяқты қыз» пайда болыпты деген сөз гулеп жүр. Бұл соқыр сенім бе, жоқ әлде «самауыр қайнады» дегенді «Самарқандты су басты» деп өсіріп жіберетін өсекшілдік пе, тылсым күш пе, не екенін ешкім тап басып айта алмайды. Себебі «тұяқты қыздың» қолынан ұстап, шашынан сипап көрген ешкім жоқ. Сонымен ауыл айтқыштарының әңгімесіне қаныққыңыз келсе, «Ақтоғайлықтарды алаңдатқан «тұяқты қыз» кім?» деген мақалаға назар аударыңыз.
***
«Қанша жылдан бері тек сөз жүзінде айтылып келген жел энергиясын пайдаланып, электр қуатын өндіру мәселесі елімізде ақыры нақты іске асатын сыңайлы», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, 2015 жылға қарай Қазақстанда бес бірдей жел энергиясы орталығын ашу жоспарланып отыр. Осының арқасында 2015 жылға қарай еліміздегі жел энергиясының үлес салмағы 1 пайызға жетсе, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 4 пайызға көтеріледі деген болжам бар. Салынатын әрбір орталықтың қуаты 50 МВт болмақ. Бұл жайында егжей-тегжейлі мағлұмат алғыңыз келсе, «Жел энергиясы шындыққа айналатын түрі бар» деген мақалаға назар аударыңыз.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейітмағанбетовамен арадағы сұхбат «Ердің бақытын келтіретін де, кетіретін де - әйел» деген тақырыппен берілген. Тілші сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Жүрегінде қазақы рухтың оты лаулаған азаматтарды тәрбиелеуге тиіспіз. Орыстанған, отарланған санадан арылатын заман жетті. Сондықтан да ұрпақтық тәрбиенің діңі тіл мен діліне, дінінен беріктікке бағытталғаны жөн», - дейді.
***
Астана қаласында туберкулезге қарсы күрес айлығы басталды. Бұл туралы «Астана ақшамы» газетінің бейсенбілік нөміріндегі «Алдын алған абзал» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның атап өтуінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша туберкулезге шалдығу көрсеткіші елорда бойынша 13,1 пайызға төмендеген. Туберкулездің салдарынан туындайтын өлім саны соңғы 5 жылда екі есеге азайып, жасөспірімдер арасында аурудың таралуы 21,5 пайызға және балалар арасында 7,7 пайызға кеміген.
***
«Қазақстан құрамасының теннисшілері жылдың ең үлкен сенсациясын жасады. Өз тарихында тұңғыш рет Дэвис кубогының 16 үздік командасына Қосылған Қазақстан, өткен аптада Чехия құрамасын ұтып, жарыстың ширек финалына жолдама алды»,- деп жазады «Нұр Астана» газеті. Спортшыларымыздың халықаралық додадағы жетістіктері жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Қазақстан Дэвис кубогынан дәмелі» деген мақалаға көз жүгіртіңіз. Сондай-ақ ел теннисшілерінің жетістігі жайында «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда», «Литер» басылымдарында да кеңінен жазылған.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, 17 наурызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге жұмыс сапарын жасайды. Көршілес мемлекет басшылығымен өтетін кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау жоспарланған.