15:41, 20 Сәуір 2009
«Найзағай» операциясының барысында 97 қылмыстық іс қозғалды ? Қ.Қасымов
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың наурыз айында ішкі істер органдарының қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу мақсатында «Найзағай» операциясын ұйымдастырып, 97 қылмыстық іс қозғады.
Бұл туралы бүгін журналистермен кездесуі барысында Ішкі істер вице-министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, қозғалған істердің 4-уі ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқаруға қатысты болып отыр. «Сонымен қатар, біз қаржы полициясы органдарымен бірлесіп, кәсіпкерлік саласын қорғау мақсатында және қылмыстық топтардың қаржыландыру көздері мен қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыру арналарын анықтауға бағытталған арнайы «Қарақұрт» жоспарын құрдық. Осы шара барысында 68 қылмыстық іс қозғалып, олардың 24-і қылмыстық топтардың басшыларының әрекеттерімен байланысты болды», деді вице-министр.Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі қазір кеден органдарымен бірлесіп, экономикалық контрабанда мен есірткі мен атыс қаруларын еліміздің аумағы арқылы алып өту әрекеттерінің алдын алу мақсатында арнайы операция ұйымдастырмақ. «Сондай-ақ қазір біздің тарапымыздан қылмыстық әлемнің белсенділерінің еліміздегі бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайға ықпал ету әрекеттерінің алдын алу мақсатында қылмыстық атқару жүйесінің өкілдерімен бірлескен қимылдар жүргізілуде», деді Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары.