«Наз» халық биі театрына - 10 жыл

АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, Астанадағы Конгресс-Холл сарайында «Наз» халық биі театры өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлер, театрдың көркемдік жетекшілері Қадиша мен Еркебұлан Ағымбаевтар жаңа астананың мәдениетіне негіз салғандардың бірі. Сол уақыттан бері театр, Астана сияқты тек қазақстандықтардың ғана емес, бүтін әлем халқының жүрегінен орын таба бастады. Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың және жеке өз атымнан ансамбльдің талантты ұжымын мерейтойларымен құттықтаймын», - деді өзінің құттықтау сөзінде қала әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжанов. Концерттік бағдарламада қазақ және өзге де халықтардың ұлттық билері орындалды. Хореографиялық композициялар мен әуенді ұлттық музыканың сүйемелдеуіндегі әсерлі театрландырылған көрініс көрермендерді бей-жай қалдырмады. «Наз» халық биі кәсіби ансамблі 1999 жылы Астана Мемлекеттік филармониясының жанында құрылды. 2007 жылдың наурызында халық билер театры атағын алып, оған мемлекеттік мәртебе берілді. Осы уақыт аралығында ұжым үлкен шығармашылық табыстарға жетті, республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген байқаулардың лауреаты атанды.