Назарбаев: Әлемдік қоғамдастықта жаһандық ядролық қауіпсіздік бойынша ауызбіршілік жоқ
«Әлемнің тоғыз мемлекетінде ядролық қарудың 16 мың бірлігі бар. Ғалымдар ядролық қару-жарақтың жарты проценті ғана климатты бұзып, Жер бетінде жаһандық ашарлық тудыратындығын есептеп шығарыпты. Бұл өзін өзі құрту дегенді білдіреді, келешек жоқ. Өздеріңізде білетіндей, әлемдік қоғамдастықта жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесінде өкінішке орай бірлік жоқ. Оның басты себебі негізгі ядролық державалардың арасындағы сенімнің жоқтығы. Бұл бүгінгі күннің шындығы», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы әлемде ядролық тежелу, ядролық қаруды таратпау, ядролық қаруды қысқарту сынды стратегиялардың бар екендігін, дегенмен олардың жетілдірілмегендігін атап өтті. Аталған уағдаластықты бұзушылардың еш жазаланбайтындығын, оларды халықаралық келісімшартты орындауға міндеттейтін ереженің жоқтығын айтты.
«Қазақстан өз тарапынан таңдауын жасады. Біз ядролық қарусыздану және жаһандық ядролық қауіпсіздікті жақтаушымыз. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі барлық конвенцияға қол қойып, ядролық терроризммен күрес бойынша жаһандық бастаманың негізігін қалаушылардың бірі болдық. Бұған қоса, біз ядролық қауіпсіздік тек қана әмбебап болуы және кемсітуші болмауы тиіс деп санаймыз. Бүгінде 190 елдің басын қосатын G-Global бастамасы дәл осыған бағытталған», Нұрсұлтан Назарбаев.