Назарбаев: Азаматтардың саяси пікірлерінің шашыраңқылығы - біздің кемшілігіміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституциялық реформаға қатысты азаматтардың пікірлерінің шашыраңқылығы біздің кемшілігімізді білдіреді. Бұл туралы бүгін Ақордада өтіп жатқан билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтарымыз айтқан пікірлердің шашыраңқы болуы жұмыстағы, билік жүйесіндегі біздің кемшіліктерімізді, әсіресе құқық қорғау органдарымен айналысуымыз қажеттілігін білдіреді. Маған да өлім жазасына қатысты түрлі мәселелер айтқан болатын»,- деді Елбасы. 

Осы ретте ҚР Президенті жұмыс тобына барлық ұсыныстарды тыңғылықты қарап, қажет еместерін алып тастауды тапсырды.

«Сондықтан жұмыс тобы мұның барлығын електен өткізіп, барынша маңызды пікірлерді анықтауы қажет. Қатып қалған ештеңе де жоқ, процесс, өмір жүріп жатыр, барлығы да дамуда. Уақыттың талабына сәйкес қандай да бір өзгерістер болар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.