«Назарбаев бәрібір біздің көшбасшымыз болып қала береді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда маусымның 5-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысы болып өтті. Пленарлық мәжіліс жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Отандық адам капиталын дамыту - маңызды міндет»

деген тақырыппен берілген мааласында. Басылымның атап өтуінше, отырыстың күн тәртібіне қойылған «Қазақстан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен тиімді қамтамасыз ету мәселелері» туралы жиынға қатысушы шетелдік қонақтар, сондай-ақ қазақстандық сала жетекшілері өз ойларын ортаға салған. Елбасы Мексика шығанағында орын алған апатты айта келіп, мемлекет тарапынан Каспийде жұмыс істейтін компанияларға қойылатын талаптар келешекте қатаңдатылатындығын мәлім еткен.

Кеше ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш Президент, Елбасы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Парламенті қабылдаған заңдарға қол қоюдан бас тарту туралы мәлімдемесі жарық көрген болатын. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанның» сенбілік нөмірінде Праламент депутаттарының, қоғам қайраткерлерінің, елге танымал бірқатар азаматтардың ой-пікірлері жарияланды.

«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше Алматы қаласында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов IV қазақстандық инвестициялық саммит жұмысы ауқымында ірі халықаралық компаниялардың өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізген. «К.Мәсімовтің «АрселорМиттал» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Лакшми Митталмен кездесуі барысында Қазақстандағы кен-металлургия кәсіпорындары қызметі мәселелері талқыланды. Премьер-Министрдің Ernst & Young Global компаниясының бас операциялық директоры Джон Ферраромен кездесуі кезінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту жайы әңгіме болды», деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінің сенбі күнгі саны толығымен отандық шоу-бизнес тақырыбына арналған. Соңғы уақыттарда қазақ эстрадасы батыстық үлгідегі дамуға бет алып, ұлттық дәстүрлі музыка кеңінен насихатталмай жүргендігі ақиқат. Жалпы өнер саласындағы осы және басқа да мәселелерді қамтыған басылым бұл тақырыпты өнердің өз өкілдерін сөзге тарта отырып талқыға салған.

Басылымның бүгінгі ой-көкпар айдары «Халықаралық байқауларға үнінде ұлттық бояуы қанық әншілерді ғана қатыстыру туралы талап қою керек пе?» деген сауал қойып отыр. Осыған жауап берген әнші, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы Алтынай Жорабаева «Меніңше, мұндай талап қою орынды. Халықаралық ән байқауларының шартына бұл қайшы келмейді де. Себебі оған қатысушы әлемдік хитпен қатар, міндетті түрде өз елінің, өз ұлтының әнін орындауы тиіс» десе, бұл пікірмен келіспеген композитор, сенатор Төлеген Мұхамеджанов «халықаралық байқауға қатысу үшін әншінің кәсіби деңгейі жоғары болуы шарт. Қазақша айта ма, орысша, ағылшынша айта ма - ол маңызды емес. Демек, бұл жерде елімізден қатысатын әншілерді қазақы, қазақы емес деп бөлу орынсыз» деген пікірін алға тартады.

Сонымен қатар газетте дәстүрлі өнерпаздардың басын қосатын орталық ашу қажеттілігі жөнінде де ой қозғалған.

Ал басылымның «Дат» айдарында белгілі композитор, «Гүлдер» ансамблінің жетекшісі Жеңіс Сейдоллаұлымен кең көлемді сұхбат жарық көрді. Онда бүгінгі отандық шоу-бизнестегі ахуал, продюсерлік мектептің қалыптасу жолдары мен жалпы руханият мәселелері әңгіме өзегіне алынған.

Осы ойды іліп әкеткен танымал композитор, продюсер Қыдырәлі Болманов та «Алаш айнасы» оқырмандарымен өз ойын бөлісе келе «қазіргі қалталылар шоу-бизнеске қаражат салғысы келмейді» деген уәж айтады.

Газетте сондай-ақ қазақстандық әншілердің заманауи өнер турасында айтылған сын-пікірлері берілген. Бүтіндей бір санын шоу-бизнес тақырыбына арнаған «Алаш айнасының» бұл жолғы санынан тіпті «Диагноз» айдарымен берілген көпшілігіміз айтып жүрген «Жұлдыз ауруының» нақты медициналық-психологиялық сипаттамасымен де таныса аласыздар.

***

«Қос шатырлы Парламент кеше жедел түрде жалпы отырысқа жиналды. Күн тәртібінде жалғыз ғана мәселе: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан азаматтарына, Парламентке және «Нұр Отан» ХДП саяси фракциясына жолдаған үндеуін назарға алу», деп жазады «Айқын» газеті. Елбасы үндеуін сенаторларға жоғары палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария етсе, Мәжіліс депутаттарына оны төменгі палата спикері Орал Мұхамеджанов оқып берген. Басылымның атап өтуінше үндеуді үнсіз тыңдаған қос палата депутаттары оған еш талқыламай, бірден келісіп, «ҚР Президентінің үндеуін назарға алу туралы» қаулыны бірауыздан қабылдаған. Мақаланы «Назарбаев бәрібір біздің көшбасшымыз болып қала береді» деген тақырыптан оқи аласыздар.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - жазушы Әкім Тарази. Басылымның түрлі сауалдарына тұщымды жауап берген қаламгердің сұхбаты «Нұрсұлтан Әбішұлының ядролық қарудан бас тартқанын ерлікке балаймын» деген тақырыппен берілген.

***

Бүгін елордадағы Конгресс-Холл сарайында ақын Серік Тұрғынбекұлының шығармашылық кеші өтеді. Осыған орай «Астана ақшамы» кеш иесімен жолығып, сұхбаттасқан. Екеуара әңгіме басылымның сенбілік нөмірінде «Астана - қазақ әлемінің аспаны іспеттес» деген тақырыппен берілген.