Қазақстанның фармацевтикалық саласы дамудың жаңа кезеңінде тұрғанына тоқталған Елбасы, бұл бағыттағы кәсіпорындарға халықаралық GMP стандарттары енгізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар, Президент осы саладағы еліміздің компанияларының дамуына кедергі жасап отырғандарды сынға алды.
«Біздің отандық фармацевтикалық саланың дамуын тежеп жасап жүргендерге тағы да ескерту жасаймын. Бұл саланың өркендеуіне қажетті жағдай жасау керек. Аталған мәселе менің жіті қадағалауымда. Сондықтан тағы да ескерту жасаймын!», - деді Мемлекет басшысы жалпыұлттық телекөпір барысында.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтті. Шара барысында онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды.
Телекөпір барысында Президент «Химфарм» АҚ-ның (Оңтүстік-Қазақстан облысы) қатты дәрі-дәрмек нысандарының жаңа цехын іске қосты.