«Назарбаев интеллектуалдық мектебі» орта білім жүйесіне таралатын болады - ҚР Білім министрі

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Назарбаев интеллектуалдық мектебі» орта білім жүйесіне таралатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талқылау кеңесінде Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің сөзіне қарағанда, орта білім беру саласында 12 жылдыққа толық көшуді жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ толық қамтылмаған мектептер проблемасын шешу, қосымша білім беру жүйесін дамыту және басқа да көкейкесті мәселелер қарастырылған. «12 жылдық білім беруге толық көшуді іске асыру үшін үш ауысымда оқыту, мектептердің апаттық жағдайын және оқушылар орнының жетіспеушілігі мәселесін жою ескерілген», деді министр.

Сондай-ақ ол өз сөзінде жоғары сатыдағы «Бейіндік мектеп» желісін дамыту, сонымен қатар «Назарбаев интеллектуалдық мектебі» орта білім жүйесіне таралатынын атап өтті.