Назарбаев испан сәулетшісі Калатравамен «Астана спорт сити» құрылысын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Calatrava Grace corporation» компаниясының құрылтайшысы, танымал испан сәулетшісі Сантьяго Калатравамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Арнұр Рахымбеков Әбу-Дабиден.

Мемлекет басшысы танымал сәулетшімен Астанада жеке капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын бірқатар инфрақұрылымдық жобаны, атап айтқанда Сулы жасыл желекті жаңғырту мен «Астана спорт сити» құрылысын талқылады.

Таныстыру барысында Калатрава  «Calatrava Grace corporation» компаниясы қазіргі уақытта Дубайдың  ең көрікті ғимараттарының бірі болып отырған 828 метрлік «Бурдж-Халива» зәулім ғимаратынан да биіктігі асып түсетін Dubai Creek Tower ғимаратын салып жатқандығын атап өтті.