«Қазір біз жұмыс тобын құру, келісімшарт, Жол картасы жоспарын құру туралы уағдаластық. Мұндай құжаттар толық дайын болғаннан кейін біз Премьер-Министр мырзамен бірге оған қол қойып, бірлесе жұмыс істей бастайтын боламыз», - деп атап өтті Елбасы.
Осы ретте Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жақсартуға септігін тигізе алатын бірқатар мәселеге де кеңінен тоқталып өтті.
«Бизнес өзара жұмыс істеуі үшін бізге елдеріміз арасында тікелей әуе байланысы, визасыз режім қажет. Бұл мәселені Қазақстан өз тарабынан шешуде, ал экономикалық мәселелер бұған мүдделі компанияларда талқыланатын болады», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы бүгін қазақстандық-израильдік бизнес форумның өтетіндігін ескертті.
«Біздің іскер адамдарымыз түйісу нүктелерін тыңғылықты талқылайды деп ойлаймын. Израиль Еуразиялық экономикалық одақпен арадағы еркін сауда аумағына қатысуға қызығушылық танытуда. Қазақстан ұйымға төраға ретінде қолдайды. Біз тек қана бұл бағытта емес, сонымен бірге медицина, адамдарымызды оқыту, жаңа технологиялар, индустрия мәселелерінде де ынтымақтаса алатындығымызды айттық және Израильдің зор жетістігі бар», - деді Назарбаев.
ҚР Президенті Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасының Ұлы жібек жолы жобасымен түйіндесуі Израильдің көлік саласына қызығушылығын оятатындығын атап өтті.