Назарбаев: Қазақстан жүргізген реформалар өзге мемлекеттерге үлгі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «МИР 24» арнасына берген сұхбатында Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның озық тұстарын атап өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.

Президенттің айтуынша, тәуелсіздіктің бастауында Қазақстан арнайы бағдарлама қабылдады - жедел жекешелендіру, Қазақстанға трансұлттық компанияларды және үлкен көлемде инвестициялар тарту, социалистік экономиканы нарықтық экономикаға бейімдеу, шағын және орта бизнесті дамыту дереу қолға алынды. Осының барлығы экономиканы қатты көтеруге мүмкіндік берді.

«Қазақстан экономикасы 25 жылда 23 есе өскен. Жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі бойынша, барлық көрші мемлекеттерді басып оздық, қазір оның деңгейі Шығыс Еуропа елдерінің ЖІӨ көлемімен бірдей. Бірақ қазір бағалардың төмендеуі, девальвацияның орын алуы, жағдайды қиындатып жіберді, дегенмен өндірістің жалпы көлемі сол қалпында қалып отыр. Қазақстанда кедейшілік 12 есе - 40 проценттен 5 процентке дейін төмендеді. Жұмыссыздық та күрт төмендеді, осының барлығы қоғамда тұрақты жағдай қалыптастырып отыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің хабарлағанындай, Қазақстан зейнетақы мен жалақы көлемін ешқашан кеміткен емес.

«Тіпті дағдарыс кезінде де ондайға барған жоқпыз. Бұған арнайы Ұлттық қор көп көмегін берді. Мықты экономика бар кезде қорғаныс, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салалары да нығая түседі. Осы салалардың барлығында да көп жұмыс атқарылды. Меніңше, кейбір реформалар бойынша біз барлығын озып кеттік деп санаймын, олар біздің көрші мемлекеттер үшін үлгі болды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік телеарнаға берген сұхбатында.