«Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі басқару жүйеміздегі кемшіліктерді дөп тауып отыр. Қазіргі аумалы-төкпелі заманға сай біздің басқару жүйеміз де өзгеруі тиіс боп тұр. Сол басқару жүйесін өзгертуге қатысты Елбасы Үндеуінде ұсыныстар берілген. Бұл өзгерістердің басы 2007 жылғы мемлекетке қоғамның араласып, партиялардың өмірге келгенінен басталды деп есептеймін. Өйткені, естеріңізде болса, сол жылы Конституцияға өзгерістер еніп, нәтижесінде қоғамды басқаруда партиялық жүйе енген болатын. Енді осы жүйені ары қарай жетілдіру қажет», - деді ол аталған университет ғылыми кеңесі отырысының аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, ҚР Президенті саналы түрде өзінің өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке бергелі отыр.
«Бұл өте үлкен, батыл бастама. Енді осы бастаманы қалай іске асыруға қатысты қазір комиссия жұмыс істеуде және тағы да ұсыныстар болады. Оған уақытымыз бар. Жалпы, бұл демократиялық бағытқа қарай бет алу, бұл заман талабына сай жасалып отырған Елбасының батыл қадамы. Осы қадамымыз сәтті болсын деп тілейміз», - деді Есім.
Айта кетейік, сәрсенбі күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.