Назарбаев министрліктерде қаражаттың игерілу тиімділігін тексеруді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқына биылғы Жолдауында бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру қажеттігін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев, министрліктердің қаражатты игеруінің тиімділігін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет.

Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын», - деді Елбасы.

Президент атап өткендей, тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиімдірек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдеткен жөн.

«Біз фискалдық орталықсыздандыру саясатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергілікті жерлерге көптеген функциялар мен өкілеттіктер берілді. Енді олардың жеткілікті қаржылық дербестігін бекемдей түсу қажет. Сонымен бірге, қаржы шығысы жөніндегі өкілеттіктердің облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрі қарай аудандық және ауылдық жерлерге беру керек. Әкімдер өңірлік және жергілікті маңызы бар мәселерді шешуге тиіс, ал Үкімет жалпымемлекеттік мәселелерге ден қоюы қажет», - деді Н.Назарбаев.