«Қазақ халқы - бағзы заманнан өзімен бірге жасап келе жатқан байтақ тарихы бар ел. Бірақ, нешетүрлі сұмдықтарға душар болған, сан алуан қырғынға кездескен замандар шашырап кеткен тарихымызды жинаудың, тәптіштеудің уақыты тәуелсіздік алғаннан кейін туды. Біз қазір халқымыздың тарихын тірнектеп жинап жүрміз», - деп атап өтті залдың ашылу рәсімінде филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков.
«Сақ көсемінің қорғаны» экспозициялық залы атақты Берел қазбаларының археологиялық зерттеуінің нәтижесі болып табылады. Берелдік қазбалар - еліміздің мәдени және ғылыми өміріндегі айтулы оқиға.
Назарбаев Орталығының арнайы жасақталған залына ер адам мен әйел адамның саркофагы, үш жылқының қаңқасы, жылқының әбзелденген жабдығының реконструкциясы мен жекелеген бұйымдарының түпнұсқасы қойылды. Барлығы - 40 экспонат.
Берел қорымындағы ірі обалардың біріне (№11 оба) Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының халықаралық археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізді. Ресей, Италия, Франция мемлекеттерінен мамандар арнайы шақырылды. Экспедицияға Берел обаларын тапқан қазақтың белгілі археологы Зайнолла Самашев жетекшілік етті. Қайталанбас әрі аса құнды қазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен суретші-жаңғыртушы Қырым Алтынбеков айналысты.
Шара барысында Берел қорғанындағы қазба жұмыстары кезінде түсірілген деректі фильм ұсынылды.