«Назарбаев орталығы» Тұңғыш Президенттің әлемдік деңгейдегі қайраткерлігін елімізге және бүкіл әлемге паш етумен айналысатын болады - Қ. Саудабаев

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -  «Назарбаев орталығы»  Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі қайраткерлігін елімізге және бүкіл әлемге паш етумен айналысатын болады.

Бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығы ұжымының алдында жаңадан құрылған «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық ағарту мемлекеттік мекемесінің директоры болып тағайындалған Қанат Саудабаев осылай мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, ұжымға жаңа басшыны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед таныстырған болатын.

«Назарбаев орталығы» жаңа құрылымының негізгі мақсаты - бұл қазақ халқының ұлы тұлғасы Елбасы Н. Назарбаевтың соңғы 20 жылда Қазақстан тәуелсіздігіне сіңірген еңбегін жинақтап көрсету. Сонымен қоса, Орталық Президент Н. Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі қайраткерлігін, Елбасының жаһандық тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесін елімізге және әлемге паш етумен айналысатын болады. Бүгінгі таңда Н. Назарбаев тұлғасы әлемдегі беделді саяси қайраткер ретінде қалыптасқан және халықаралық деңгейде қабылданған жағдай. Жаңа құрылған мекеменің осы мақсатты өз деңгейінде атқаруға күш-қуаты, білімі мен қабілеті жетеді және сол бағытпен байланысты болады деп сенемін», - дейді Қ. Саудабаев. 

Сонымен қатар, жаңа басшы ұжымның алдында үлкен шаруалар тұрғанына тоқталып, жемісті жұмыс атқарылатынына сенім білдірді.