Назарбаев Орталығында балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің өнер көрмесі ашылды

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Назарбаев Орталығында «Болашақ» қайырымдылық қоры «Менің айналамдағы әлемім - менің шығармашылық өмірім» атты II республикалық көркемсурет туындылары арасында өткен байқау мәресіне жетті.

Салтанатты шараға «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек пен Назарбаев Орталығы директорының орынбасары Лейла Махат қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің арасында өткен биылғы байқауға 200-ге тарта үміткер қатысты. Елдің әр түкпірінен келген авторлар қазылар алқасына матадан, ағаштан, металдан жасалған өз бұйымдарын ұсынған болатын. Бүгін балалардың қолынан шыққан бұл бұйымдар қайырымдылық вернисажға қойылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аукцион барысында өнерлі өрендердің туындыларынан түскен табыс балалардың өздеріне беріледі. Вернисаж Назарбаев Орталығында 11 маусымға дейін жалғасады.

Сонымен қатар байқауда көзге түскен балғындарға өнердің даңғыл жолына шығуға да үлкен қолдау көрсетіледі. Мәселен, былтыр байқаудың 3 жеңімпазы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға шақырылған болатын.

Айта кетейік, байқаудың басты мақсаты - балалар үйлері мен интернаттарында тәрбиеленіп жүрген талантты жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету болып табылады. Осы орайда, «Болашақ» қоры «Құланшы» қазіргі заманғы Өнер орталығы мен «ЮНЕСКО» балалар көркемсурет мектебінің қолдауымен 2010 жылдан бері балалар үйлеріндегі өнерлі тәрбиеленушілерді ынталандыруды дәстүрге айналдырған.