Назарбаев Орталығында бүгін Мемлекет басшысының «Еркін елдің ертеңі» атты кітабының таныстырылымы болады

АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Назарбаев Орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еркін елдің ертеңі» атты кітабының тұсаукесері өтеді.

Таныстырылым рәсіміне ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлектері, Астана қаласы орта мектептерінің оқушылары қатысады.

«Еркін елдің ертеңі» жастарға арналған қойын кітап. Кітапқа Елбасының бірлік, адамгершілік, қазақстандық патриотизм, мемлекет, жаһандану, саясат пен экономика, өркениет пен мәдениет туралы таңдамалы нақыл сөздері мен ой толғаныстары топтастырылған.

Қойын кітап үлгісінде үш тілде қатар жарық көріп отырған жинақ «Қазақстан 2050» стратегиясын жүзеге асыру барысында жастарға бағыт беретін бағдаршы болмақ.

Шара шеңберінде Н. Назарбаевтың «Ой бөлістім халқыммен» атты аудиокітабының AppStore, Play Market және Marketplace-қа арналған электрондық қосымшаларының да тұсауы кесіледі. Бұдан былай аталмыш туындылар интернет-дүкендер арқылы барша қазақстандықтарға қолжетімді болады.

Тұсаукесер рәсімінде жастардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған бейнехаты көрсетіледі. «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен мектеп оқушыларына Елбасының қолтаңбасы қойылып, тілегі жазылған кітаптар табысталады.

Бұдан кейін жиналған жұрт «Үлкен саясаттағы риясыз кездесулер» атты деректі фильмді тамашалайды.