«Сондай-ақ шара аясында «Мұражай: ғасырлардың арқауы» кітап көрмесімен танысуға зор мүмкіндік туып, салтанатты концерт те ұйымдастырылады. Концерттің шымылдығы «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылады. Бағдарлама бойынша домбыра, сыбызғы, қобыз, жетіген сынды ұлттық аспаптарда өнер көрсетіліп, жеке нөмірлерде халық әндері орындалады», - делінген хабарламада.
Халық күйі «Сары өзен», халық әні «Ғазиза гүл», «Сәулем-ай» және Н.Тілендиевтің «Әлқисса» шығармалары қай кезде де өнерсүйер қауымның ықыласына ие. Бұл жолы да елорда өнерпаздары дәстүрден жаңылмайды. Концертте «Қазақтың әндерінен попурри» орындалады. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлдегері Данияр Мұқан, Шығыс Махан (сыбызғы), Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Айдана Ережепова, Күнсұлу Тұрлыбекова, Баян Мұсаева, Жазгүл Данылбаева, Гүлжан Мұстахим (қылқобыз), Қаракөз Гасимова (жетіген), Республикалық Ә.Қашаубаев атындағы байқаудың Бас жүлдегері Перизат Тұрарова, Халықаралық байқаулардың лауреаты Сымбат Тасбергенова, Ержан Тоқсабанов, Бауыржан Жолдыбеков (домбыра) ән мен күйден, жырдан шашу шашады. Орыстың халық әндері мен украин халқының музыкалық шығармаларын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Хасьянова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Қазбек Досмұханбетов және ҚР Мәдениет қайраткері Естай Мұқашев нақышына келтіріп орындайды.
Мерекелік шараға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Астана тұрғындары мен қонақтары, жалпы дәстүрлі өнердің жанашырлары шақырылады. Сондай-ақ ғылым мен мәдениет өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері де қатысады.
Бағдарлама 50 минутқа жоспарланған. Шара ұйымдастырушылары - «Назарбаев Орталығы» мемлекеттік мекемесі және Астана қаласының Мемлекеттік филармониясы.
23:05, 17 Мамыр 2013
«Назарбаев Орталығында» Халықаралық мұражай күніне арналған ашық есік күні өтеді
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Ертең, 18 мамырда «Назарбаев Орталығында» Халықаралық мұражай күніне арналған ашық есік күні өтеді. Бұл күні экскурсиялық қызмет келушілер үшін тегін көрсетіледі. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.