Назарбаев орталығында «Сақ көсемінің қорғаны» атты жаңа зал ашылады

АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - Назарбаев орталығында «Сақ көсемінің қорғаны» атты бірегей зал ашылады.

«Іс-шара Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ұйымдастырылады. «Сақ патшасының қорғаны» экспозициялық залы атақты Берел қорғанына жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі болып табылады», - делінген аталған орталықтың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Ықылым замандардан жеткен қазынаны қалың бұқараға насихаттау үшін Назарбаев орталығында арнайы зал жасақталды. Ол залға ер адам мен әйел адамның саркофагы, үш жылқының қаңқасы қойылған. Сонымен қатар жылқының салтанатпен әбзелденген жабдығының реконструкциясы мен оның жекелеген бұйымдарындағы ұсақ-түйектері де көрсетілген. Назарбаев орталығының арнайы залына қойылған көсемді немесе көшпелі ақсүйек өкілін қабірлеудегі жылқының экспозициялық жинақтама бейнесі келушілерді Берелдің байырғы тұрғындарының жұмбақ әлеміне жетелейді.

Берел қорымындағы ірі обалардың біріне Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының халықаралық археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізді. Ресей, Италия, Франция мемлекеттерінен мамандар арнайы шақырылып, экспедицияға Берел обаларын тапқан қазақтың белгілі археологы Зайнолла Самашев жетекшілік етті. Қайталанбас әрі аса құнды қазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен суретші-реставратор Қырым Алтынбеков айналысты.

Қорымда жүргізілген ғалымдардың қазба, зерттемелік және реставрациялық ірі жұмыстары Назарбаев орталығының мұражайына келушілерге б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысы мен аяғындағы Қазақтың Алтайын мекендеген халықтың мәдениетін танып білуге зор мүмкіндік береді.

Берел қорымы Қазақтың Алтай жерінде, Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы өзі аттас ауылдан оңтүстік батысқа қарай 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол таспен қаланған 31 обадан тұрады. Қорым Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы биік таулы әсем жазықта теңіз деңгейінен 1120 метр биіктікте тұр. Берел обаларының деректеріне 1998 жылдан ғылыми және реставрациялық жұмыс жүргізіле бастады.

Берелден табылған қазбалар еліміздің мәдени және ғылыми өміріндегі айтулы оқиға болды. Қорымда жүргізілген қазба жұмыстары б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысы мен аяғындағы Қазақтың Алтайын мекендеген халықтың мәдениетін танып білуге жағдай жасады.

Қазбалардың басым бөлігі № 11 обадан табылды. Мәңгі тоң қабаты обадан табылған артефактілердің бүгінгі күнге бұзылмай жетуіне себепші болды және б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген Сақ көсеміне тиесілі салт аттың салтанатпен жабдықталған әбзелдеріне нақты ғылыми әрі толымды реконструкция жасау мүмкіндігін туғызды.