Сарапшының айтуынша, биылғы Жолдау едәуір кешенді және ел экономикасын құрылымдық жаңғыртуға бағытталған.
Оның атап өткеніндей, сәл ертерек жария етілген саяси реформалармен қатар Жолдауда айтылған міндеттер Қазақстан дамуына белгілі бір серпін бермек.
«Жолдауда 2016 жылы экономиканың драйвері болған салаларға, соның ішінде ауыл шаруашлығына үлкен маңыз берілгендігін атап өткен жөн. Сондықтан экономикалық өсімнің драйверлері ретінде осы салалар белгіленген. Құжат xалықтың көңілінен шықты деуге болады, себебі қазақстандықтардың 43 пайызы ауылда тұрады. Президент тапсырған міндеттер бойынша, экономиканы көтеретін тетіктердің бірі ауыл xалқының қолында болмақ. Оның үстіне жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы да ауыл мен аудандарда бизнесті қыздыра түсуі керек», - деді ол.
Еске сала кетейік, Елбасы өзінің Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деп айтқан болатын.
«Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуы тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», - деді Президент.